Ел болашағы үшін қолға алынған ауқымды реформалар қоғамда әділеттілік орнатып, мәдени-рухани дамуға жол ашуға бағытталған. Бұл – елімізді жаңа конституциялық үлгіге көшірудің нақты көрінісі.
Осы мақсатта Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, БАҚ өкілдері, мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес мүшелері енгізілді. Жаңа Конституция жобасында қолданыстағы нормалардың шамамен 86 пайызына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.
Жоба аясында Конституцияның преамбуласы толық жаңартылып, «Әділетті Қазақстан» идеясы, заң мен тәртіп қағидаты, ұлттық бірлік, аумақтық тұтастық, экология, ғылым, білім және рухани құндылықтар басты құндылық ретінде айқындалды.
Заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы жаңа орган – Құрылтай құру ұсынылды. Оның құрамы 145 депутаттан тұрып, олар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланбақ. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, саяси жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін жоғары консультативтік орган ретінде бекіту, Президент сайлауын өткізу мерзімін икемді ету жөнінде маңызды өзгерістер қарастырылған.
Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғау, сот тәуелсіздігін күшейту, адвокаттардың мәртебесін арттыру, жеке деректер мен хабарламалар құпиясын қорғау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық жасаған азаматтардың сайлану құқығын шектеу нормалары енгізіледі.
Басты басымдық – адам капиталы. Мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде білім, ғылым, инновация және мәдениет айқын белгіленіп отыр.
Ұсынылып отырған өзгерістер еліміздің мемлекеттілігі мен саяси жүйесін нығайтып, әділ әрі өркениетті қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.
СЕРЖАН БАЙСБАЕВ,
САУРАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

