QULAGER.KZ. 2025 жылы «дроптар» шоттарында 800,7 млн теңге бұғатталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Ішкі істер министрінің бірінші Бауыржан Әленовтің жауабында айтылған, деп жазады KAZINFORM.
– Дропперлердің шоттарын жедел анықтау және бұғаттау мақсатында екінші деңгейдегі банктермен «Антифрод-орталық» аясында өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Платформа жұмыс істей бастағаннан бері (2025 жылғы 22 шілдеден) 99,7 мың оқиға тіркелді, оның ішінде ішкі істер органдары тарапынан – 48,9 мың. Қабылданған шаралардың нәтижесінде «дроптар» шоттарында 800,7 млн теңге бұғатталды, оның ішінде 488,4 млн теңге ерікті түрде қайтарылды. Жіберушілердің шоттарындағы күдікті операцияларды мониторингтеу арқылы 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталды, — деді Бауыржан Әленов.
Оның айтуынша, ІІМ бастамасымен 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап дропперлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Аталған бап бойынша 49 қылмыстық іс тіркеліп, 13-і сотқа жолданды.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінің тиімділігі мен оңтайландырылуын арттыру мақсатында интернет-алаяқтықтан зардап шеккендерге Азаматтық кодексінің 953-бабының нормалары аясында ақша қаражатын қайтару тәртібі түсіндіріледі. Осылайша АК 953-бабы дропперлер арқылы ақша қаражатын шығаруымен байланысты қылмыстық істерді тергеу барысында іс жүзінде қолданылып, жәбірленушілердің мүліктік құқықтарын қорғауға және келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етуге бағытталған қылмыстық-процестік сипаттағы шаралармен өзара байланыста пайдаланылады, — деді министрдің бірінші орынбасары.

