HomeЖаңалықЕсірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар таныстырылды

Есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар таныстырылды

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспарды таныстырды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Қазақстанда 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар жаһандық және өңірлік ахуал үрдістерін, сондай-ақ Парламент депутаттарының, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Оны қалыптастыру барысында алдыңғы құжаттың іске асырылу нәтижелері де назарға алынды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан мәлімдеді.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған Кешенді жоспар мемлекеттік есірткіге қарсы саясаттың негізгі бағыттарын қамтиды. Құжат 7 бөлімнен, 106 тармақтан және 30 тармақшадан тұрады. Атап айтқанда, онда есірткі ахуалын және оның динамикасының ерекшеліктерін мониторингтеу; есірткіге тәуелді адамдардың профилактикасы, оларды емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру; заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру; есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңды айналымын қамтамасыз ету; қазіргі есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру; халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту көзделген.

«Жоспарда талдамалық және жедел жұмыста жасанды интеллектіні енгізу; газ талдағыштары мен спектралдық камералары бар ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу; ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын жеке химиялық қорғаныс құралдарымен жабдықтау; ұшқышсыз аппараттарды бейтараптандыру құрылғыларымен қамтамасыз ету; айғақ заттарды сақтау камераларын цифрландыру; цифрлық іздер базасын қалыптастыру қарастырылған. Жоспардың жекелеген іс-шаралар блогы заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге арналған. Бұл бөлімде есірткі скринингін жүргізудің негіздері мен тәртібіне, қатар жүретін қаржылық тергеулерге, криптовалюталарды реттеуге, спайкингке қарсы іс-қимылға, сондай-ақ есірткі қылмыстарын анықтауда құқық қорғау органдарына жәрдем көрсеткен азаматтарды ынталандыру тетіктерін әзірлеуге қатысты түзетулер көзделген», – деді спикер.

Комитет төрағасы іс-шараларды қаржыландыру үш жылдық кезеңге республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қарастырылғанын атап өтті.

Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру барлық мемлекеттік құрылымның қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жоспар қорытындысы бойынша мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу көзделген:

  • синтетикалық есірткінің заңсыз айналымнан тәркілену көлемін арттыру арқылы оның қолжетімділігін төмендету;
  • есірткілер мен прекурсорларды, оның ішінде халықаралық бағыттар бойынша тасымалдау арналарын анықтау;
  • есірткі контрабандасының жолын кесу;
  • есірткі қылмысы саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою;
  • құқыққа қайшы контенттің жалпы санынан есірткі сайттары мен жарнаманы анықтау;
  • медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламаларымен барынша қамту;
  • есірткі құқық бұзушылықтары үшін ұсталған кәмелетке толмағандар санын азайту;
  • есірткі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша әкімдіктердің рейтингтік бағалау нәтижелері.

Ұқсас жазбалар