HomeЖаңалықТүркістан облысында егістік жұмыстары басталды

Түркістан облысында егістік жұмыстары басталды

Мақтаарал ауданында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңір тұрғындарын сапалы өніммен қамту мақсатында биыл аудан бойынша жалпы көлемі 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру көзделген. Оның ішінде, 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын егу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Мақтаарал ауылдық округінде егістік жұмыстары басталған.

Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруалардың бірі Шағыр Күшербаев 8 гектар алқапқа ас үй қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егіп жатыр. Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін арттыруға болады. Шаруашылықта барлық агротехникалық талаптар сақталып, егу жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілген. Қолайлы ауа райы жағдайында ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетіледі деп күтілуде. Ерте өнім алу — нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек.

Сонымен қатар, ауданда жуық арада қырыққабат дақылын егу жұмыстары да басталады. Бұл көкөніс түрі де ерте пісетін дақылдардың бірі әрі ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Ұқсас жазбалар