Түркістан қаласында жылу мекемесінің жұмысы тұрақты бақылауда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы нысандарды аралау барысында жылу мекемесінде болып, жылыту маусымының өту барысымен танысты. Қала басшысы жылу көздерінің жай-күйін, қазандықтардың жұмысын тексеріп, тұтынушыларға жылудың тұрақты жеткізілуін қадағалады. Сондай-ақ сала басшыларына жылыту маусымының тұрақты әрі сапалы өтуіне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда 2025–2026 жылғы жылыту маусымының жұмыс барысы тұрақты бақылауда. Бүгінде қала бойынша 12 561 тұтынушыға жылу жеткізілуде. Оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік ұйым, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй бар.
Барлық әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы тиісті актілермен расталған. Жылу беру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес және тұрақты түрде жүргізілуде.
Қысқы маусымның тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.

