QULAGER.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, АҚШ-тың 2027 жылға арналған әскери бюджеті бұрын талқыланған 1 трлн доллардың орнына 1,5 трлн долларды құрауы тиіс. Ол бұл жөнінде Truth Social әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында жазды, деп хабарлады KAZINFORM.
Америкалық көшбасшының пікірінше, мұндай шешім әлемдегі тұрақсыздықтың күшеюі жағдайында елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Трамп мұндай қорытындыға АҚШ билік өкілдерімен жүргізілген ұзақ кеңесулерден кейін келгенін атап өтті.
«Сенаторлармен, конгрессмендермен, министрлермен және басқа да саяси өкілдермен ұзақ әрі қиын келіссөздерден кейін, еліміздің игілігі үшін, әсіресе осы өте мазасыз әрі қауіпті кезеңде, 2027 жылға арналған әскери бюджетіміз 1 триллион доллар емес, 1,5 триллион доллар болуы керек деген шешімге келдім», деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, қорғаныс шығындарының ұлғаюы АҚШ-қа жаңа деңгейдегі қарулы күштерді құруға және кез келген қатерден қорғануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл бізге көптен бері лайық болып келген «арманымыздағы қарулы күштерді» құруға мүмкіндік береді және ең бастысы, қарсылас кім болса да, біздің қауіпсіздігіміз бен қорғанысымызды қамтамасыз етеді», деді ол.
Трамп сондай-ақ мұндай шығындардың өсу мүмкіндігін кедендік тарифтерден түсетін кірістермен байланыстырды.
«Егер басқа елдерден алынатын тарифтерден түсіп жатқан орасан зор қаржы болмағанда, мен 1 триллион доллар көлемінде тоқтаған болар едім. Олардың көпшілігі бұрын АҚШ-ты бұрын-соңды болмаған деңгейде «тонаған», деді президент.
Трамп қазіргі қаржылық жағдай АҚШ-қа әскери бюджетті арттырумен қатар, өзге де маңызды экономикалық міндеттерді қатар шешуге мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, тарифтердің арқасында және олар әкеліп отырған, Джо Байден әкімшілігі кезінде ойға да келмеген ауқымды кірістердің нәтижесінде ел 1,5 трлн доллар көлеміндегі қорғаныс шығындары деңгейіне шыға алады. Сонымен қатар теңдессіз қарулы күштерді құрып, қарыз міндеттемелерін қысқартып, орта табысты патриот азаматтарды елеулі дивидендтермен қамтамасыз етеді.

