Кентау қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары қала басшылығымен бірге бірқатар өндірістік нысандарды аралап, өңірдің даму барысымен танысты.
Ең алдымен қаладағы «Кентау трансформатор зауытына» барудан басталды. Депутаттар кәсіпорын ұжымымен кездесіп, жұмысшылармен ашық пікір алмасты. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауының маңызы атап өтіп, ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуында еңбек адамдарының рөлі ерекше екені айтылды.
Одан кейін халық қалаулылары Кентау қаласында жуырда іске қосылған «TURAN SHENHUA» газ қазандықтарын өндіру зауытының жұмысымен танысты. Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорынның өндірістік әлеуеті, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен отандық өндірісті дамытудағы үлесі сөз болды.
Жұмыс сапары аясында депутаттар жергілікті ақсақалдармен және қалалық маслихат депутаттармен де кездесті. Кездесу барысында Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар, қабылданып жатқан заңдар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар, айтылған ұсыныс-пікірлер мен өзекті мәселелер мұқият тыңдалып, оларды депутаттық сауалдар арқылы тиісті деңгейде көтеруге және шешімін табуға ықпал ететіндерін жеткізді.

