HomeЖаңалықТҮРКІСТАН: Жетісайда 1 ауыл мен 2 шекара бөлімшесі табиғи газға қосылды

ТҮРКІСТАН: Жетісайда 1 ауыл мен 2 шекара бөлімшесі табиғи газға қосылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырмасына сәйкес бүгін Жетісай ауданында 1 елді мекен мен 2 шекара бөлімшесі табиғи газға қосылды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Серік Мамытов тұрғындар мен шекарашылардың қуаныштарымен бөлісті.
Республикалық бюджеттен қаралған 926771 мың тенгеге құрылысы жүргізілген Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Датқа елді мекенінің газ құбырының ұзындығы 21,9 шақырымды құрайды. 80 үйлі шағын ауылда 479 тұрғын бар.
Одан бөлек, ҰҚК Шекара қызметі департаменті нысандарының инфрақұрылымын жетілдіру бойынша «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жергілікті қазынадан қаралған тиісті қаржы есебінен «Нұрлы жол» және «Жаңа ауыл» шекара бөлімшелерінің жылыту қазандықтары табиғи газбен жылытылатын модульді қазандықтарға ауыстырылып, көгілдір отынға қосылды.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы аудандағы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл 15-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Одан бөлек 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Ұқсас жазбалар