Түркістан қаласы аумағындағы қараусыз қалған ғимараттар мәселесі қаралды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласы аумағындағы қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстар бойынша лездемелік мәжіліс өтті.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы осыған дейін мемлекеттік құзырлы органдардың қатысуымен арнайы жиын өткізіп, жұмысшы топ құрған болатын. Бүгінде зерделеу жұмыстары нәтижесінде қала аумағында жалпы 70 қараусыз қалған нысан анықталған. Аталған ғимараттардың 12-сі жойылып, қалған ғимараттардың иелерімен ретке келтіру немесе сүру бағытында жұмыс атқарылуда.
Қала әкімі аталған жағдайға байланысты бірқатар сын-ескертулер айтып, орындалмаған нысандардың қауіпсіздік деңгейіне ерекше назар аударуды, 20 желтоқсанға дейін толық ретке келтіруді тапсырды. Әсіресе, балалар мен тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерлердің алдын алу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, мәжілісте түнгі жарықтандыру жоқ көшелер мәселесі де қозғалды. Қала аумағында анықталған 38 көшенің 27-сінде жарықтандыру жұмыстары аяқталған. Ал қалған 11 көшеде жұмыстар әлі де жалғасуда. Қала әкімі коммуналдық шаруашылық бөліміне жарықтандыруды толық іске қосуды, адам өмірі мен қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарауды, уақытылы орындамаған жауапты тұлғаларға қатаң шара көруді тапсырды.

