Түркістандық «Жылу» мекемесінің маманы мемлекеттік наградамен марапатталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығына сәйкес, елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Түркістан қаласының тұрғыны, «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шебері Бузав Әбжәлі Мәуленұлы «Құрмет» орденімен наградталды.
Әбжәлі Мәуленұлы еңбек жолын 1979 жылы бастаған. Әр жылдары күзет қызметі, теміржол саласы және өндірістік кәсіпорындарда еңбек еткен. 2010 жылдан бері Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істейді, ал 2013 жылдан бастап «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Жылу жүйесі бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін мемлекеттік және қоғамдық деңгейде бірнеше мәрте марапатталған. 2022–2023 жылдары «Ел ардақтысы», «Үздік қызметкер», «Еңбек даңқы» медальдары мен салалық төсбелгілердің иегері атанды.
Мемлекеттік награда саланың дамуына сіңірген көп жылғы еңбегі мен энергетика саласына қосқан үлесі үшін берілді.

