Түркістан қаласында «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне орай «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемді жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды.Түркістан қаласында өткен «Agrofest – Алтын күз» мерекелік шарасына ҚР Парлементі мәжілісіне «Ауыл» партиясының атынан сайланған депутаты Саурықов Ерболат Байұзақұлы, «Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы мен өңірлік филиал аппаратының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Әжіметов Нұржан Нұрмаханбетұлы қатысты.

Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін насихаттауды мақсат еткен бұл шарада өңірдің диқандары, шаруалар мен агроөнеркәсіп өкілдері бір алаңға жиналып, өз өнімдері мен үздік тәжірибелерін ұсынды.
Қонақтар ауыл еңбеккерлерімен жүздесіп, олардың егін шаруашылығы, мал өсіру және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстары жайлы пікір алмасып, алдағы уақытта агросаланы дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі өткізіліп, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы табысты бастамалар таныстырылуда. Көрме сөрелеріне сүт өнімдері, жұмыртқа, шұжық түрлері, балық өнімдері, балара өнімдері, өсімдік майлары, қызанақ және алма шырындары қойылып, өңдеу саласының әлеуеті кеңінен көрсетіліп жатыр.

