QULAGER.KZ. Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы шеңберінде экономиканың басым бағыты бойынша жобалар пулын қалыптастыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Инвестицияға тапсырыс» – халық арасында сұранысқа ие, көбі импортқа шығарылатын тауарларды өндіру үшін ШОБ және жеке сектордағы ірі бизнестің инвестициялық жобаларын қолдауға арналған мемлекеттік жаңа бағдарлама. Бұл – негізінен АӨК және өңдеу өнеркәсібі саласының тұтыну тауарлары. Мемлекет импортты алмастыру және экспортқа тауар өндіру әлеуеті жоғары перспективалық салаларды, ал өңірлер оларды жүзеге асыруға қабілетті нақты жобалар мен бизнесті айқындайды. Жобалардың тиімділігін талдау және оларды қаржыландыру «Бәйтерек» холдингінің құралдары мен тетіктері арқылы жүргізілмек.
«Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердің өндірістік әлеуетіне талдау жүргізілді. аөк жобалары бойынша инвестициялық портфель қалыптастырылып, оған жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын 202 жоба енді», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

