Түркістандағы дендросаябақта күзгі ағаш отырғызу акциясы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында экологиялық мәдениетті дамыту және қаланы көгалдандыру мақсатында дендросаябақта күзгі ағаш отырғызу акциясы өтті.
Акцияға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ерікті жастар, мемлекеттік қызметкерлер мен белсенді тұрғындар қатысты. Қатысушылар табиғатты қорғау мен экологиялық сана қалыптастыру бағытында өз үлестерін қосып, бірлесе тал отырғызды.
Шара барысында қала әкімі Түркістанның экологиялық тепе-теңдігін сақтау мен тұрғындардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ қала басшысы қоғамды «Таза Қазақстан» сынды экологиялық бастамаларды қолдауға шақырды.
Аталған шара барысында дендросаябақ аумағына 900 түп үйеңкі, 300 түп сафора, 200 түп ива және 100 түп туя ағаштары егілді. Жалпы шараға 300-ден астам адам қатысып, экологиялық мәдениетті арттыруға өз қолдауын білдірді.
Айта кетейік, биылғы күзгі маусымда қала аумағында 124 250 түп ағаш отырғызылып, жалпы жасыл желек саны 1 миллион 460 мыңнан асты. Ал жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 30 сенбілік ұйымдастырылды.

