HomeҚоғамОтырарда оңды істер көбейіп келеді

Отырарда оңды істер көбейіп келеді

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Уәлихан Ұзақов 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, өзекті мәселелердің шешілу барысын баяндады. Спикердің айтуынша, аудандағы 13 ауылдық округтің 9-ы табиғи газбен қамтылған. 2026 жылы қалған 4 ауылдық округке газ тарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ал, аудандық маңызы бар 106,9 мың шақырым жолдың 99,5 мың шақырымы қанағаттанарлық жағдайда.

 

«Отырар ауданының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл 55 917 га алқапқа егіс егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 20 917 га артық болды. Қазіргі уақытта жиын-терім жұмыстары толығымен аяқталып, 432 298 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, аудан халқының күн көрісінің бірі – мал шаруашылығы саласы. 2025 жылдың 9 айлық қорытындысына сәйкес, аудан көлемінде мал саны артқан. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ауданға инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Биыл ауданның арнайы индустриалды аймағына мақта, күріш өңдеу, тамшылатып суғару зауыттарын салу үшін инвесторлардан 25,8 млрд. теңге инвестиция тартылып отыр. Осы жылы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мақта кластерін дамыту бойынша құны – 21,1 млрд. теңгені құрайтын 2 мақта өңдеу зауытының құрылысын жүргізді. Жобаның қуаттылығы – 180 мың тонна дайын мақта шикізатын өндіреді және мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Келесі жоба «Тамшылатып суғару құрылғыларын және таспалар шығару» кәсіпорны. Аталған жобаның құны – 1,2 млрд теңгені құрайды. Жылына 50 мың га аумақты тамшылатып суғару құрылғысымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жалпы аумағы 20 га жерге орналасқан кәсіпорын 200 адамды жұмыспен қамтитын болады. Екі жобаның да құрылысы мамыр айында басталып, қыркүйек айында толық аяқталды. Қазіргі таңда нысанды пайдалануға беру актісін алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Зауыттардың ресми ашылуы 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарлануда», — деді Уәлихан Жамалханұлы.

 

Спикердің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда «Otyrar Cotton» ЖШС Отырар ауданының индустриялды аймағында жобалық құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын мақта және күріш өңдеу зауыттарының құрылысын бастауда. Атап айтқанда, мақта өңдеу зауытының жобалық құны – 2,7 млрд. теңге, қуаттылығы – 12 мың тоннаны құрайды. Күріш өңдеу зауытының жобалық құны шамамен – 800 млн. теңге, қуаттылығы – 10 мың тонна күріш өңдейді. 2026 жылы серіктестік егіс алқабын 8 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

«Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қысқаша осылай. Келесі кезекте сіздерге аудандық мәслихаттың 2025 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары туралы баяндап өтсем. Отырар аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымына 13 депутат сайланған. Оның 11-і «АМАНАТ» партиясының мүшесі. Аудандық мәслихаттың 2 тұрақты комиссиясы бар. Олар бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мен әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия. 2025 жылы 4 сессия өтті. Сессияларда жалпы 27 мәселе қаралып, оның ішіндегі нормативтік-құқықтық актілердің барлығы мемлекеттік тіркеуден өткен. Мәслихат регламентінің 38-тармағына сәйкес, 2025 жылдың қаңтар айында барлық 13  ауылдық округтерді аралап, мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп бергенмін. Осы кездесулермен қатар, жергілікті тұрғындармен «көшпелі қабылдаулар» өткіздім. Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан түрлі өзекті мәселелер көтеріліп, олардың барлығы хаттамаларға енгізілді. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ауыз су, ағын су, каналдарды жөндеу, көшелерді асфальттау, аяқ жол салу, жарықтандыру, білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау ұйымдары ғимараттарының жөндеу жұмыстары, шыбын-шіркейге қарсы дәрілерді шашу секілді түрлі мәселелер бойынша тиісті мекемелерге жалпы 50 депутаттық сауалдар мен қосымша хаттар жолданды. Жолданған  сауалдардың арқасында көптеген мәселелер өз шешімін тауып жатса, басқа да бірқатар мәселелердің шешімін табуға бастама болды. Мәслихат депутаттары тарапынан барлығы 208 депутаттық сауал, оның ішінде жеке өз атымнан 94 депутаттық сауал жолданды. Мәслихат төрағасының жеке қабылдаулары әр аптаның сәрсенбі күніне бекітілген. Алайда келемін деуші тұрғындарға әрдайым есігім ашық. Барлық ауыл тұрғындарын жұмыс уақытында аптаның қай күні болсын қабылдап келемін», — дейді мәслихат төрағасы.

 

Мәслихат төрағасының айтуынша, сайлауалды бағдарламасында жалпы 11 мәселе қарастырылған екен. Бүгінге дейін олардың 7-еуі толық жүзеге асырылған. Мысалы, жарықтандыру бойынша бюджет есебінен 8 көшенің, демеушілік есебінен 5 көшенің шамдары жанған. Сайлау учаскесі аумағында 3 балалар ойын алаңшасы мен 3 стрит воркаут орнатылып, көпшіліктің игілігіне берілген. Ұзақ жылдар бойы жылу маусымында қиындық көріп келе жатқан Жамбыл атындағы мектеп-лицейі демеушілер есебінен орталық жылу жүйесіне қосылып, жылу жүйелері жаңартылған. Сондай-ақ, мәслихат төрағасының бастамасымен әлеуметтік осал топқа жататын 70 отбасыға жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіледі екен. Одан бөлек, 200-ге жуық бала жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтар және киім-кешектермен қамтамасыз етілген.

 

«Отырар ауданында ағын су мәселесі бар екені белгілі. Осы мәселе бойынша Балтакөл, Көксарай, Отырар, Талапты, Шілік, Қоғам ауыл округтерінде шаруалармен бірлесіп, мәселемен танысып, тиісті мекемелерге депутаттық сауалдар жолдадым. Демеушілер есебінен 5 каналға тазалау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырдым. Бюджеттен Көксарай мен Мыңшұқыр, Шілік, Балтакөл ауылдарындағы су насостарының алынуына, шлюздердің жөнделуіне атсалыстым. Маяқұм бас тоспасының құрылысы бойынша мәселе көтеріп, депутаттық сауалдар жолдадым», — деген Уәлихан Ұзақов «Түркістан-Шәуілдір» жолының құрылысы, ескірген теміржол бекеттері мен өткелдеріне қатысты сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.

Ұқсас жазбалар