HomeҚоғамТҮРКІСТАН: Жетісайлық депутаттар жұмыстан тартынбайды

ТҮРКІСТАН: Жетісайлық депутаттар жұмыстан тартынбайды

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында аудандық мәслихаттардың төрағалары есеп беріп жатыр. Кезекті брифингте Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов өкілді органның атқарған жұмыстарын мәлім етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын баяндады. Медет Алмасбекұлының айтуынша, бүгінде Жетісай ауданындағы 1 қала, 1 кент пен 11 ауылдық округте 183 851 халық тұрады. Тиісінше, ауданның әлеуметтік және экономикалық мiндеттерін орындауда мәслихат ұжымы маңызды рөл атқарып келеді.

 

Биыл аудандық мәслихат қабырғасында 6 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 44 шешім қабылданған. Оның ішінде 10 шешім нормативтік құқықтық акт ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен екен. Сонымен қатар, мәслихат төрағасының ұйымдастыруымен мәслихат  қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдерді халыққа жеткізу мақсатында барлық сессияның онлайн-көрсетілімдері Youtube желісінде көрсетіліп, бейнежазбасы сақталған.

 

«2025 жылы өз атымнан жергілікті атқарушы органдарға 6 депутаттық сауал жолдадым. Оның 5-еуі қанағаттандырылып, орындалса, 1-еуі орындалу үстінде. Депутаттық сауалдар инфрақұрылым, білім беру, электроэнергия және шекаралық бекет салаларына қатысты болды. Ал мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 80 депутаттық сауал жолданып, 76-сы немесе орындалған. Қалған 4-еуі орындалу үстінде. Аудандық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу. 2025 жылы аудандық мәслихат аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 59 өтініш келіп түскен. Барлық арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауаптар жолданды. Сонымен қатар, 2025 жылы аудандық мәслихат аппаратының кеңсесіне 246 құжат келіп түсті. Кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзіретіне кіретін мәселелер бойынша 215 шығыс хат-хабарлар жолданды. Жыл басынан бері аудандық мәслихат аппаратында 17 жеке қабылдау өткіздім. Қабылдауымда болған 29 азамат елді-мекендерді абаттандыру, газ, су, электр энергиясы, мектеп құрылысы және ағын су мәселелерін көтерді. Барлық азаматқа заң аясында тиісті жауаптар берілді», — деді Медет Қасымов.

 

Мәслихат төрағасы «AMANAT» партиясының аудандық филиалымен бірлескен жұмыстарды да атап өтті. Аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракциясына кіретін 20 депутат белгіленген жоспарға сәйкес қоғамдық қабылдаулар өткізіп отырады. Есепті кезеңде депутаттар партия ғимаратында 61 қоғамдық қабылдау өткізіп, 212 азаматтың мәселелерін шешуге ықпал еткен. Бүгінде Жетісай ауданында 7041 партия мүшесі бар, олар 18 бастауыш партия ұйымына біріккен екен.

 

Сонымен қатар, мәслихат депутаттары биыл 67 рет бастауыш партия ұйымдарымен кездескен. Кездесулерде партиялық жобалар мен бағдарламаларды түсіндіру, саяси науқандарға дайындық, жергілікті мәселелерді талқылау, партия мүшелерінің белсенділігін арттыру мақсатында пікір алмасулар өткен. Нәтижесінде депутаттар өзекті мәселелерді мәслихат сессияларында көтеріп, жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолданған.

 

«Енді 2025 жылы ауданымызда өткен ауыл әкімдері мен депутат сайлауына тоқталып өтсем. 2025 жылы ауданымызда 3 ауылдық округ әкімінің және 1 депутаттық мандаттың сайлауы өтті. Аталған сайлауларға қатысты партияның аудандық филиалы тарапынан кезектен тыс 21, 22, 24-конференциялар ұйымдастырылып, делегаттардың дауыс беру нәтижелерімен ауыл әкімі және депутат сайлауына кандидаттар ұсынылды. 26 қаңтарда Қызылқұм ауылдық округінде әкім сайлауы өткізіліп, 3108 сайлаушы қатысты. Нәтижесінде партиядан ұсынылған Асқарұлы Досжан (жеңіске жетті. 30 наурызда Жетісай ауданының №17 сайлау округі бойынша мәслихат депутатының орнына сайлау өтті. Сайлауға 3011 адам қатысып,  партия атынан ұсынылған Әбдіғаппарұлы Сұлтан жеңіске жетті. 13 шілдеде екі бірдей ауылдық округ әкіміне сайлау өтті. Нәтижесінде, Жылы су ауылдық округіндегі сайлауда Алдешов Абзал, ал Ж.Ералиев ауылдық округіндегі сайлауда Юсупов Еркинбек жеңіске жетті. Жетісай аудандық мәслихатының депутаттары әрдайым аудан аумағында өтетін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Мысалы Президент бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында депутаттар апта сайын ластанған аймақтарды тазалауға белсенді қатысуда», — деді мәлихат төрағасы.

 

Спикердің сөзіне сүйенсек, мәслихат депутаттары әрдайым ауданды дамыту жұмыстарына өз үлестерін қосып келеді. Осы ретте Медет Қасымов әрбір саладағы көрсеткіштерге тоқталып өтті. Мәселен, қазір ауданда агроөнеркәсіп саласында 10 мыңға жуық шаруа қожалық қызмет атқарады. Олар биыл 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Ал, ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 25 елді мекенде 12 жобаны іске асыруға 1,6 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында Асықата кентіндегі 900 орынды, Ынтымақ ауылдық округіндегі 600 орынды мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл Жетісай қаласындағы 1500 орынды мектептің құрылысы аяқталған. Өзге де мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га жер телімінде жеке инвестор есебінен 32 пәтерлі 2 несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл Асықата орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өткізіліп жатса, Бәйтерек елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Талапты, Мақташы, Алмалы, Алтынсарин елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыстары аяқталған. Асықата кентінен жеке инвестор есебінен медициналық орталық салынған.

 

«Ауданымызда көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да біршама жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы аудандағы 365,3 шақырым жол желісінің 43,6 шақырымы республикалық, 210,4 шақырымы облыстық, 111,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Ал, ішкі көшелердің ұзындығы 918,4 шақырымды құрап отыр. Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен соңғы 3 жылда ұзындығы 234,6 шақырымды құрайтын 299 көше орта жөндеуден өтті. 2025 жылы ұзындығы 38,2 шақырымды құрайтын 40 көше орта жөндеуден өтуде. Бүгінгі таңда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 84,4 пайызды, ал елді мекендердегі жолдардың үлесі 78,7 пайызды құрайды. Жетісай ауданында 105 елді мекен орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Абай ауылдық округіндегі 5 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Одан бөлек аудандағы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газбен қамтылған. 2025 жылы 14 елді мекен табиғи газға қосылды. Одан бөлек қосымша 4 елді мекенді табиғи газбен қамту бағытында жаңадан құрылыс жұмыстары басталды. 2027 жылға қарай ауданды толығымен табиғи газбен қамту жоспарланған. Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек, депутаттар тарапынан көптеген игі істер атқарылуда. Президент жүктеген міндеттер мен реформаларды орындауға, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек ете береміз. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламамыздағы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарамыз. Өйткені, біз сенім білдірген халық алдында үлкен жауапкершілік бар екендігін жақсы сезінеміз», — деді Медет Алмасбекұлы. Сондай-ақ, спикер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ұқсас жазбалар