HomeМәдениетТҮРКІСТАН: Сауранда Республика күні аталып өтті

ТҮРКІСТАН: Сауранда Республика күні аталып өтті

Сауран ауданы әкімдігінің орталық алаңында 25 қазан — Республика күніне арналған «Тәуелсіз елім — еңселі!» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

               

Оған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері, аудан тұрғындары мен жастар қатысты.

 

Мерекелік шара ту көтеру рәсімімен басталып, мемлекеттік Әнұранды мектеп оқушыларынан құралған хор орындады. Кештің шымылдығы «Ұлы дала тарихы» атты хореографиялық композициямен ашылып, «Өсиет» поэзиялық қойылымы және «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты әсерлі көрініс көрсетілді. Сахнаға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шығып, жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтады.

 

Бағдарлама аясында жас өнерпаздар «Қазақстан» және «Туған жер» әндерін орындап, «Айтұмар» би ансамблі ұлттық нақыштағы флэшмоб биледі. Кештің көркін елімізге танымал «Абырой» тобы, әншілер Бақытжан Мұстафаев, Махмуд Урумбаев, Данияр Барыс және аудан өнерпаздары өз өнерлерімен қыздырды.

 

Кеш соңында аспанды жарыққа бөлеген мерекелік отшашу атылып, тұрғындар Республика күнін ерекше рухпен және көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Республика күні — елдің рухын көтеріп, ұлт бірлігін нығайтатын мерейлі мереке. Сауран халқы бұл күнді тәуелсіз елдің еңсесін биіктеткен қуанышпен қарсы алды.

Ұқсас жазбалар