Түркістанда Кітапханашылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Бүгін 24 қазан – Кітапханашылар күні! Осы ретте Түркістандағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы ашып, кітапхана саласында жемісті еңбек етіп жүрген үздік мамандарды марапаттады. Шарада Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әсерлі ән мен би ұсынып, мерекенің сәнін келтірді. Сондай-ақ, «Фараб» кітапханасының жетістіктері мен өңір кітапханаларының даму бағыттарын танытатын бейнеролик ұсынылды.
Сонымен қатар, кітапхана саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар қызметкерлер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің және мәслихаттың құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды. Дәстүр бойынша «Үздік аудандық кітапхана. Оқитын өлке» номинациясы бойынша Қазығұрт және Мақтаарал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үздік деп танылып, 250 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.

