Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында республикалық айтыс өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында «Омартасы рухтың – Отырарым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыс қазақтың көрнекті тұлғалары, халық ақыны, Парасат орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көпен Әмірбектің 75 жылдық мерейтойларына арналды. Жыр додасы аясында суретші Әділхан Мәліктің шығармаларынан көрме ұйымдастырылып, Отырардың тарихы мен рухани өмірінен сыр шертетін жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Айтысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізіп отырды. Сондай-ақ, жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі. Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал ақындар Мақсат Аханов, Алтынгүл Қасымбекова, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосын, Аспанбек Шұғатай, Тұрар Тлеулиев, Мейірбек Сұлтанхан, Дәурен Ақсақалов пен Ахметрасул Баянбай өнер көрсетті. Айтыс қорытындысымен додаға қатысқан барлық ақындарға біркелкі 700 мың теңгеден сыйақы табысталды.

