Бүгін Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың күзгі демалыс күндерінің ұзақтығын жариялады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Министрліктің мәліметінше, еліміздегі мектептерде бірінші тоқсан өз мәресіне жетіп келеді.
«Күзгі каникул 7 күнге созылады — 27 қазаннан бастап 2 қарашаға дейін (қоса алғанда)», — делінген Оқу-ағарту министрлігінің Telegram-арнасында жарияланған хабарламада.
Министрлік мәлім еткеніндей, оқушылардың демалысын тиімді әрі қауіпсіз өткізу, сондай-ақ олардың тұлғалық дамуын қолдау мақсатында «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
Бағдарлама аясында келесі бағыттар қамтылады:
«Балалар кітапханасы» жобасы бойынша «Кітап оқимыз демалыста» атты шара;
Қауіпсіздік сабақтары: «Буллингтен қорған» тренингі;
Мектеп театрларының жұмысы.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды мәселе болып қала береді. Осы мақсатта жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ата-аналармен бірлесіп қауіпсіздік ережелерін сақтау, көшеде және үйде қауіпсіз мінез-құлық, өрт және киберқауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару ұсынылады», — делінген министрлік хабарламасында.

