Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына арналған мерекелік Гала-концерт өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Айтулы шараны 15 мыңнан астам көрермен тамашалады. Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов барша жұртшылықты мерекемен құттықтап, қаланың даму жолы мен жетістіктерін атап өтті.
Кештің тізгінін белгілі жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек ұстады.
Сахна төрінде Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Садраддин, Тұрар Ыдырыс және BAXA ән шырқап, кентаулықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар жергілікті өнерпаздар мың бұрала би билеп, әсем әннен шашу шашып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Гала-концерт соңында аспан отшашумен көмкеріліп, «Кентауым – керім қала» әні шырқалды. Арнайы дайындалған DJ SHAMIL-дің музыкалық шоуы қала тұрғындарына естен кетпес әсер қалдырды.

