HomeҚоғамТҮРКІСТАН: Мемлекет қаржысын қорғаудағы нәтижелі жұмыс

ТҮРКІСТАН: Мемлекет қаржысын қорғаудағы нәтижелі жұмыс

Мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану ел дамуының негізгі тетігі. Түркістан облыстық тексеру комиссиясы соңғы жылдары бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалап, мемлекетке 50 млрд теңгені қайтаруға ықпал еткен. Осы бағыттағы жұмыстар, алдағы жоспарлар мен негізгі міндеттер туралы Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Тапеев Серікбайұлымен әңгімелескен едік.

 

Ғалымжан мырза, ең алдымен тексеру комиссиясының негізгі қызметі туралы айтып өтсеңіз.

Тексеру комиссиясының басты мақсаты облыс деңгейінде бөлінген бюджет қаражатының заңды әрі тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу. Біз мемлекеттік бағдарламалар, жобалар мен әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың дұрыс пайдаланылуын қадағалаймыз.

Жуырда комиссия жұмысының нәтижесінде мемлекетке 50 млрд теңге қайтарылғаны айтылды. Бұл көрсеткіш қалай жүзеге асты?

Иә, соңғы жылдары жүргізілген кешенді тексерулер барысында заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Бюджет қаржысы кейбір мекемелерде тиімсіз жұмсалғаны белгілі болды. Біз заң шеңберінде талап қойып, нәтижесінде мемлекет қазынасына 50 млрд теңге қайтарылды.

 

Тексеру кезінде ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар қандай?

Негізінен қаржының мақсатсыз пайдаланылуы, есеп-қисаптағы сәйкессіздіктер, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі қателіктер жиі кездеседі. Бұл – барлық өңірлерге тән мәселе. Бастысы – мұндай кемшіліктердің алдын алу.

 

Комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

Біз үшін қоғам алдындағы ашықтық өте маңызды. Әрбір тексеру қорытындысы жарияланып, қоғамға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен байланыс орнатып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп келеміз.

 

Тексеру комиссиясының төрағасы ретінде, аймақтағы мекеме басшыларына қандай кеңес берер едіңіз?

Ең алдымен әрбір басшы заңнаманы толық меңгеруі тиіс. Әсіресе қаржы мәселесінде бар жауапкершілікті тек бухгалтерге артып қоюға болмайды. Электрондық қолтаңбаны (ЭЦП) бухгалтерге беріп, соның атына барлық құжатқа қол қойдыру дұрыс емес. Басшы өзі тікелей бақылап, әрбір шығынға назар аударуы қажет.

Егер есепсіз, ойланбай қол қойылатын болса, ол қаржы түбінде міндетті түрде тексеріледі. Сондықтан қырағылық танытып, қадағалауды күшейткен жөн. Бұл – мекеменің де, басшының да заң алдындағы жауапкершілігін жеңілдетеді.

 

Түркістан облысы бойынша соңғы жылдары білім саласында миллиардтаған қаржы жымқыру деректері анықталып жатыр. Неге осыған дейін мұндай заңбұзушылықтар уақытылы ашылмаған?

Иә, расымен де білім саласында қаржы жымқыру фактілері жиі тіркелуде. Біз әрбір тексеріс барысында ең бірінші кезекте қаржының дұрыс әрі мақсатты жұмсалуына назар аударамыз. Егер бәрі заң аясында болса, ол біз үшін ең үлкен қуаныш. Бірақ заңға қайшы жағдайлар анықталған жағдайда, біз әр тиынына дейін есептеп, толықтай тексереміз. Кейбір аудандарда білім саласы таза болып шығады, бірақ басқа аудандарда, мәселең құрылыс саласында үлкен олқылықтар байқалады.

Білім саласына келсек, бұл бағыттағы шығындар өте ауқымды. Себебі мектеп құрылысы, күрделі жөндеу, материалдық-техникалық жабдықтау және мұғалімдерге бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қаржы көп жерде, өкінішке қарай, жемқорлық тәуекелі де жоғары болады. Соңғы жылдары біз анықтап жатқан деректер соның айқын дәлелі.

Ал осыған дейін мұндай заңбұзушылықтардың толық анықталмауының бірнеше себебі бар: біріншіден, бұрын бақылау жүйесі жеткілікті дәрежеде күшейтілмеген, екіншіден, кейбір мекемелер есепті формалды түрде ғана жүргізіп, сырттай бәрін дұрыс етіп көрсеткен. Алайда қазір жаңа тәсілдер қолданылып, қаржыны пайдалану тетігі мұқият сараланып жатыр. Соның арқасында жасырын қателіктер мен заңбұзушылықтар ашылып отыр.

Яғни Түркістан облысы бойынша білім саласы біздің тұрақты бақылауымызда. Егер қай аудан, қай басқармада қаржының дұрыс жұмсалмағаны анықталса, біз міндетті түрде құқық қорғау органдарына жолдап, жауапты тұлғаларды заң аясында жауапқа тартуға ықпал етеміз. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жүйелі түрде жалғаса береді.

 

Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

Ең басты мақсатымыз – бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру. Жоспарымызда цифрлық аудитті дамыту, алдын алу шараларын күшейту бар. Яғни заң бұзушылықты тек анықтап қана қоймай, оның алдын алуға басымдық береміз.

Түркістан облыстық тексеру комиссиясы қазына қаржысын қорғап, қоғам сенімін нығайту жолында жүйелі еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік орган. 50 млрд теңгенің мемлекетке қайтарылуы – осының айқын дәлелі.

Сұхбаттасқан, Ұ.Уалиханқызы

Ұқсас жазбалар