Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні кезекті рет Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Тиісінше, бұл – Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжат деп сеніммен айтуға болады. Бұл Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың өмір сапасын жақсарту және мемлекеттік басқаруды жетілдіру секілді бірқатар басым бағыттар нақты көрсетілді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту мәселесіне айрықша назар аударылып, бұл екі сала ел дамуының тірегі ретінде бағаланды.
Себебі, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыты. Жолдауда Президент бұл саланы тиімді басқару, заманауи технологиялар енгізу, су ресурстарын үнемді пайдалану және агроөнеркәсіп кешенін дамыту қажеттігін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін еселеп арттыру – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, ауылдағы өмір сапасын көтерудің және экспорттық әлеуетті арттырудың басты тетігі екенін баса айтты. Сонымен қатар, жерді пайдалануға қатысты әділдік, субсидиялау жүйесінің ашықтығы және фермерлерді қолдау шараларын күшейту міндеттері қойылды.
Инвестиция тарту да Жолдаудың бір өзекті бағыты. Президент экономиканы әртараптандырудың басты жолы ретінде сапалы әрі тұрақты инвестицияны атады. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашудың, жаңа технологиялар мен ноу-хауды елге енгізудің жолы. Осы орайда құқықтық тұрақтылық пен әділ сот жүйесі – шетелдік және отандық инвесторларға сенімді орта қалыптастырудың негізгі шарты ретінде көрсетілді. Сондай-ақ, индустрияландыруға, энергетикаға және инфрақұрылымға инвестиция тартудың маңыздылығы ерекше айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған өзге де маңызды салаларға басымдық берілді. Олар – экономиканы әртараптандыру мен өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен адами капитал, денсаулық сақтау, цифрландыру және инновациялар, инфрақұрылым мен тұрғын үй саясаты, ккология мен «Жасыл экономика» және әлеуметтік әділдік пен құқықтық жүйе.
Мәселен, Президент өз Жолдауында шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аударды. Білім беру жүйесін жаңғырту, мұғалім мәртебесін арттыру, техникалық және кәсіби білімді дамыту мәселелерін көтерді. Медициналық инфрақұрылымды дамыту, ауылдағы медицинаға қолжетімділікті арттыру, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсарту да басты назарда екендігін айтты. Мемлекеттік басқару, экономика мен әлеуметтік салаларды цифрландырудың маңызын да ерекше атап өтті. Жасанды интеллект, Big Data, автоматтандыру сияқты жаңа технологияларды енгізу міндеті қойылды. Автожолдар сапасын арттыру, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту да Жолдауда кеңінен қамтылды. Сот реформасы, жемқорлықпен күрес, азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы өзгерістер де қамтылды. Сондықтан Президент бастамалары кешенді, стратегиялық сипатқа ие және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына негіз бола алады десек, қателеспейміз.
Өйткені, бұл бастамалар елдің ішкі тұрақтылығын, экономикалық өсімін және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Президенттің әр бастамасы – нақты есепке, халықтың сұранысына және болашақ трендтерге негізделген. Демек, бұл Жолдау – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын құнды құжат.
Мырзахан Манапов,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.