QULAGER.KZ. Израильдің Қатар астанасына шабуылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде қызу пікірталас тудырды, деп жазады Kazinform.
Бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Дохаға жасалған соққыны айыптады, бірақ мәлімдемеде Израиль туралы ештеңе айтылмаған. Құжатты барлық 15 мүше ел мақұлдады, соның ішінде Израильдің дәстүрлі одақтасы АҚШ та бар. Мәтінді Ұлыбритания мен Франция дайындады.
Мәлімдемені АҚШ-тың қолдауы премьер-министр Биньямин Нетаньяху санкциялаған әрекеттерге Дональд Трамптың риза емес екенін көрсетеді. Вашингтон бұған дейін шабуылдарды ХАМАС көшбасшыларының көзін жою әрекеті және ол АҚШ пен Израиль мүддесіне сай емес деген болатын.
— Бұл соққы лаңкестер үшін қауіпсіз баспана Газада да, Тегеранда да, Дохада жоқ екенін көрсетті. Біз лаңкестік көшбасшыларына қай жерде жасырынса да қарсы әрекет етеміз, — деді Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Дани Данон.
Қатар премьер-министрі және сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман әл-Тани де үзілді-кесілді ұстанымын білдірді. Ол Израильді Газадағы соғысты аяқтау әрекетіне нұқсан келтірді деп айыптап, Доханың арағайындық миссиясын жалғастыратынын баса айтты.
– Келіссөз кезінде біздің аумаққа жасалған шабуыл Израильдің шынайы ниетін әшкереледі. Оған Палестина халқын мәңгі қайғы-қасіреттен арылтпау маңызды, — деп атап өтті әл-Тани.
Қауіпсіздік кеңесі сондай-ақ Пәкістанның Израильге қарсы айыптауларын тыңдады, ал АҚШ жағдайды Израильдің кепілге алынғандарды босату жөніндегі міндеттемесіне нұқсан келтіру үшін пайдаланбауды ескертті.
Алжир өз мәлімдемесінде агрессор туралы тікелей айтылмағанына өкініш білдірді.
– Зорлық-зомбылықты тоқтатпаса — өрши береді, жауапсыздық – соғыс өртін тұтатады. Халықаралық қауымдастықтың үнсіздігі хаосқа әкеледі, — деді Алжир елшісі Амар Бенджама.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жағдайдың ушығуына жол бермеу керектігін атап өтіп, Қатармен ынтымақтастығын қуаттап, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауды жақтады. Мәлімдемеде кепілге алынғандарды босату және Газадағы соғысты аяқтау басымдық болып қала беретіні ерекше аталды.
Айта кетейік, Израиль 9 қыркүйекте Қатар астанасы Дохаға әуеден шабуыл жасап, нысанаға палестиналық ХАМАС-тың саяси бюросының мүшелерін алғанын мәлімдеген болатын. Соққыдан 6 адам, оның ішінде топтың бас келіссөзшісі Халил әл-Хайидің ұлы мен Қатар Ішкі істер министрлігінің қызметкері қаза тапты.