Түркістан қаласының әкімі кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамыту жұмыстары қарқынды жалғаспақ. Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен осы бағытта арнайы жиын өтті.
Жиын барысында қала әкімі кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерге тоқталып, шағын және орта бизнесті қолдау мен инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады.
Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында Түркістан қаласы аумағында жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылып, нәтижесінде 193 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпкерлікті қолдау аясында өнеркәсіп, білім, логистика, медицина, жеңіл өнеркәсіп және өзге де салалар бойынша жобалар екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылуда.
Ал арнайы экономикалық аймақта қазіргі таңда 9 жоба жүзеге асырылуда.
Нәтижесінде 2 956 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, индустриалды аймақта 23 жоба іске қосылып, 961 адам жұмыспен қамтылды. Жоспарланған жобалар шеңберінде шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22 010-ға жетіп, онда 34 500 адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65–68 пайызын құрайды. Бизнесті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлер – еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші болуы тиіс» деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес Түркістан қаласында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, белсенді дамуға шақыру қажеттігі айтылды.
Жиын соңында қала әкімі кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында «Turkistan» кәсіпкерлікті қолдау орталығымен тығыз байланыс орнатып, жұмыстарды жандандыруды, қала аумағындағы кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, оларға қажетті қаржылай қолдау шараларын қамтамасыз етуді, жас кәсіпкерлер форумын ұйымдастырып, индустриалды аймақтағы жобаларға және жалпы қаладағы кәсіпкерлік қызметке тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, сондай-ақ қалаға шетелдік және жергілікті инвесторларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.