HomeСпортНовак Джокович тағы бір рекордтық нәтижеге қол жеткізді

Новак Джокович тағы бір рекордтық нәтижеге қол жеткізді

QULAGER.KZ. Әлемнің 7-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы Новак Джокович АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына шықты, деп жазды ҚазАқпарат.

 

Сербиялық спортшы ширек финалда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Тейлор Фрицтан айласын асырды — 6:3, 7:5, 3:6, 6:4.

 

Opta статистикалық операторының мәліметіне қарағанда, Новак бір маусым барысында барлық төрт «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына өткен ең жасы үлкен теннисші атанды. Новак Джоковичтің жасы 38-ден асқан еді.

 

Биыл ол Аустралия ашық чемпионаты, Ролан Гаррос және Уимблдонда жартылай финалдан аса алмаған еді.

 

Новак Джокович АҚШ чемпионатының финалына шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен таласады.

 

— Матчсыз өтетін алда екі күнім бар. Бұл маған жәрдемдеседі. Қазір тап аса тың емеспін. Бірақ екі күннен кейін бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін, — деді Новак Джокович.

Ұқсас жазбалар