Түркістан қаласында тұрғындар мен қонақтарға жайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз қоғамдық көлік қызметін ұсыну бағытында бүгін 16 жаңа автобус желіге қосылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесулерінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, жаңа автобустар шет аймақтардағы қажетті маршруттарға толықтырылды.
Жаңа автобустар заманауи талаптарға сай бейнебақылау камераларымен, кондиционер, электронды билет жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қатынауына қолайлы болу үшін арнайы пандустар да қарастырылған.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 22 бағыт бойынша маршруттар мен 683 аялдама бар. Аталған бағыттарға 200-ден аса қоғамдық көлік күнделікті қызмет көрсетуде. Жыл соңына дейін қала тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тағы 10 жаңа автобус желіге қосылады деп жоспарлануда.