HomeЖаңалықТүркістанда жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды

Түркістанда жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды

Түркістанда 2025-2026 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бүгін Түркістан қаласының мектептерінде жаңа 2025-2026 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті.

 

Қаладағы 85 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 5 500 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жалпы оқу ордаларында 55 мыңнан астам оқушы білім алмақ.

 

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы жақында күрделі жөндеуден өткен №9 Некрасов атындағы мектептің алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады.

 

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі тамыз конференциясында: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс» – деп атап өткендей, білім беру саласының дамуы ел болашағы үшін ерекше маңызға ие. Өткен оқу жылы білім саласы үшін табысты болды. 178 түлек «Алтын белгі», 250 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Түлектердің 80 пайыздан астамы мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындарында жоғары білімін жалғастырмақ. Оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, қаламыздың абыройын асқақтатты. Биыл одан да жоғары жетістікке жететінімізге сенемін. Жаңа оқу жылында ұстаздарға қажымас қайрат, шығармашылық табыс, оқушыларымызға үздіксіз ізденіс пен білім шыңына жетуді тілеймін, — деді қала басшысы.

 

Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылына дайындық барысында бірқатар білім нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төрт мектеп күрделі жөндеуден, жеті мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, биыл қосымша екі жаңа нысан – Өнер мектебі мен Балалар-жасөспірімдер орталығы ашылмақ. Бұл – балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға зор мүмкіндік беретін маңызды қадам.

 

Сондай-ақ, 150 балабақшада 17 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

Ұқсас жазбалар