Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы «Мектепке жол» акциясына үлес қосты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Елімізде бірнеше жылдан бері жаңа оқу жылы басталар тұста республикалық «Мектепке жол» акциясы өткізіліп, жер-жердегі демеушілер балаларға қуаныш сыйлап келеді. Сондай жомарт жүректі азаматтардың бірі – Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы.
Кез келген жақсы істің басынан табылатын халық қалаулысы биыл да науқаннан шет қалмай, Отырар ауданының 90 жылдығына орай аудан мектептерінде білім алатын 90 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын тарту етті.
Бұл туралы Уалихан Жамалханұлының өзі:
«Жақын күндері мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, білім беру процесі басталады. Осы орайда жыл сайын өтетін республикалық «Мектепке жол» акциясына атсалысып, Отырар ауданының 90 жылдығы қарсаңында аудан мектептерінде білім алатын 90 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын тарту етуді дұрыс деп ойладым. Ал, бұл іс-шараны жария етудегі мақсатым – өзімді мақтау емес, өзге де азаматтарды игілікті іске атсалысуға шақыру. Біздің бүлдіршіндеріміз білімді, болашақтары жарқын болсын!» — дейді.
Айта кетсек, «Отырар ауданының құрметті азаматы» Уәлихан Ұзақов өткен жылдары да қоғамдық акцияға сүбелі үлес қосып, 2023 жылы 50 және 2024 жылы 60 оқушыға қолдау көрсеткен.