Түркістанда қоғамдық көліктер жаңа автобустармен толықты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Жұмысшы мамандықтар жылы және Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңа автобустардың желіге қосылу шарасына қатысып, жұмысшы мамандармен кездесті.
Салтанатты шарада «Жолаушы» ЖШС директоры Рахымжан Еркінов жаңа автобустармен автопарктің мүмкіндіктерін таныстырып, көліктердің артықшылықтарын атап өтті.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 190 қоғамдық көлік 21 бағытта қызмет көрсетеді. Бұл бағыттарда 300-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Жыл соңына дейін қосымша 60 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жұмысшы мамандармен кездескен қала басшысы ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келген сала өкілдеріне алғысын білдіріп, медалдармен марапаттады.
– Жылдар бойы таң атқаннан кеш батқанға дейін жүргізушіден бастап техник-механикке, диспетчерден кондукторға дейін – барлығыңыз маңдай термен қаламыздың дамуы мен халықтың игілігіне қызмет етіп келесіздер. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Автопарк бүгін көптен күткен 16 жаңа заманауи автобуспен толығып отыр. Жыл соңына дейін қосымша 10 жаңа автобус алуды жоспарлап отырмыз,- деді қала басшысы.
Айта кетейік, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін жаңа автобустар заманауи үлгіде бейнебақылау камерасымен, кондиционермен, электронды билет жүйесімен жабдықталып, арнайы пандустар орнатылған.
Игі шараға Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, «Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы Рахым Көлбайұлы, полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы қатысып, қызметкерлерге «Алғыс хат» табыстады.