HomeСпортТүркістандық талант «Атлетико Мадрид» клубының академиясына қабылданды

Түркістандық талант «Атлетико Мадрид» клубының академиясына қабылданды

Түркістан облысының талантты футболшысы «Атлетико Мадрид» клубының академиясына қабылданды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тумасы, Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Нұрмаханұлы Нұрқанат Алматы облысы, Талғар ауданында орналасқан «Атлетико Мадрид» академиясының іріктеуіне қатысып, Испаниядан арнайы келген бапкерлердің көзіне түсіп, ресми шақырту алды.

 

Футболға деген қызығушылығы ерте басталған Нұрқанат алғашқы қадамдарын Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты, Ордабасы ауданындағы «Жас қанат» футбол командасында жаттығу жасады. Дәл осы жерде ол жаттықтырушылары Тұрсын Райымбек Серіков Бексұлтан Тұрсын Шыңғыстың жетекшілігімен шыңдалып, кәсіби футболға жол ашты.

 

Іріктеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас футболшылар қатысты. Олардың арасынан дара шыққан Нұрқанат техникалық дайындығымен, жылдам шешім қабылдауымен және алаңдағы ойынымен испаниялық жаттықтырушыларды тәнті етті. Соның нәтижесінде ол халықаралық деңгейде жаттығуға мүмкіндік алды.

 

«Атлетико» академиясы – Еуропадағы ең беделді футбол орталықтарының бірі. Мұнда болашақ жұлдыздар тәрбиеленіп, кәсіби тәртіп пен жоғары деңгейдегі дайындықтан өтеді. Қазақ баласының дәл осы академияға шақырту алуы – ел футболының дамуы үшін зор жетістік.

 

Темірлан елді мекенінің тумасы, Шоқан Уәлиханов мектебінің жетiншi сынып оқушысы, «Жас қанат» командасының тәрбиеленушісі Нұрмаханұлы Нұрқанаттың «Атлетико Мадрид» академиясына ресми шақырту алуы – Ордабасы ауданы ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін қуанышты жаңалық. Бұл табыс – жас спортшыларға шабыт беріп, қазақ футболының болашағына жаңа сенім ұялатады.

Ұқсас жазбалар