фото: ашық дереккөзден
Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінде 14 елді мекен бар. Олар Жуантөбе, Кеңдала, Жаңадәуір, Ынтымақ, Көгерту, Лесбек батыр, Ақжар, Қаратөбе, Көкбұлақ, Ғ.Мұратбаев, Қияжол, Құйған, Бозсу және Ескіқорған елді мекендері. Жалпы тұрғын үй саны – 3380 болса, халық саны – 25159 адам.
Ауылдық округ аумағында 12 мектеп жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың сәуірінде Ғ.Мұратбаев елді мекендерінде 600 орынды мектеп пайдалануға берілген. Енді Жуантөбе, Ескіқорған елді мекендерінде 300 орынды мектеп құрылысы үшін сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалып, жобалық сметалық құжаттары рәсімделіп жатыр.
Сондай-ақ, ауылдық округте 6 дәрігерлік емхана, 1 ауылдық аурухана мен 6 ФАП тұрғындарға қызмет етеді. Соның ішінде Ескіқорған, Көгерту, Құйған және Ақжар елді мекендерінде жаңа типтегі медициналық пункт ашылған. 2025-2026 жылдар аралығында Жуантөбе елді мекені аумағында жеке инвестор есебінен фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіледі. Одан бөлек, қазіргі таңда жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 2 мемлекеттік және 13 мемлекеттік жекеменшік әріптестік есебіндегі балабақша бар. Ауылдық округ аумағындағы «Сұлтан» өндірістік кооперативінің «Жұма» базары, 32 дүкен, 24 дүңгіршек, 5 тойхана мен мейрамханалар, 1 монша, 5 дәріхана, 11 қоғамдық асхана, 6 жанар-жағар май құю бекеті сынды кәсіпорындарда 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Ауылдық округ әкімі Ердаулет Жасұзақовтың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 173 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Жыл басынан бері 50 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, 5 азамат шегірткеге қарсы күрес жұмыстарына атсалысқан. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында 1 жеке кәсіпкер бекет ашып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Ауылдық округтегі агроқұрылымдар саны – 1142. Оның ішінде өндірістік кооперативтер саны – 4, ЖШС – 7, шаруа қожалықтары – 1131. Оған қоса, 12026 жылы Жуантөбе елді мекеніне қарасты 60 гектар жер кезекте тұрған азаматтарға берілмек. Қазіргі уақытта учаскелерге бөлу жұмыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылымен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжат дайындалып, Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан қаржысы қаралып, электр желісімен толық қамтамасыз етілген.
– Ауылдық округ аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 96 пайызды құрайды. Табиғи газ құбырлары жүргізілмей қалған Көгерту елді мекеніндегі мәселені шешу мақсатында сәулет жоспарлау тапсырмасы орындалып жатыр. Лесбек Батыр, Көкбұлақ, Бозсу, Ынтымақ елді мекендері орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтылған. Қаратөбе және Ғ.Мұратбаев елді мекендеріне су желісі тартылып жатыр, жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Жуантөбе, Кеңдала, Жаңадәуір, Көгерту, Ақжар, Ескіқорған, Құйған және Қияжол елді мекендеріне де ауызсу құбыры тартылып жатыр. Таза ауыз су құбырымен қамтылмаған елді мекендердегі құдықтарға «Омега» су тазалағыш қондырғысы орнатылған және тасымалдау арқылы ауыз су жеткізілуде. 14 елді мекенде 194,5 шақырым электр желісі бар. Биыл сәуір айында Лесбек батыр, Көгерту елді мекендеріне сапалы электр желісі тартылып, трансформаторлар орнатылып, пайдалануға берілді. Қазан айында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Лесбек батыр елді мекені аумағында қосалқы электр станциясының құрылысын бастамақ. Қияжол, Құйған, Бозсу, Жаңадәуір елді мекендерінің аралығындағы жолдарға аяқжол төсеп, жарықтандыру салу үшін жобалық сметалық құжат дайындалып, қаржы бөлу үшін Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсынылған. Көктемде әлеуметтік нысандар ауласына 1600 түп, Ғ.Мұратбаев елді мекеніндегі саябаққа 600 түп, Жуантөбе елді мекеніндегі саябаққа 600 түп көшет отырғызылды, — дейді Ердаулет Жасұзақов.
Ауылдық округ аумағында республикалық маңызы бар 21 шақырым, облыстық маңызы бар 8 шақырым, аудандық маңызы бар 22,3 шақырым және ауылішілік 138,9 шақырым жол бар. Биыл Жаңадәуір елді мекеніндегі Мектеп көшесінің 2,2 шақырымын орташа жөндеуден өткізіп, жарық бағаналарын орнату үшін жобалық сметалық құжаты дайындалып, ведомствоаралық сараптама қорытындысы аяқталған. Құны 93 млн теңгені құрайтын жобаның жеңімпазы анықталыпты. Бұдан бөлек Қаратөбе және Ғ.Мұратбаев елді мекендері арасындағы аудандық маңызы бар жолдың 8,6 шақырымын жөндеу үшін жобалық сметалық құжат дайындалып, бюджеттік өтінім берілген.