Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Мемлекет басшысына қаланың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берілді.
Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31 пайызға ұлғайып, 360 миллиард теңгені құраған.
Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 миллиард теңге болатын өнім өндірілген.
Құрылыс қарқын алып, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылған.
Шаһарда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты.
Аталған секторда 245 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ Президентке:
Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары;
активтерді мемлекет меншігіне қайтару барысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы қала әкіміне:
қала экономикасын одан әрі әртараптандыру;
қосымша инвестиция тарту;
шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту;
әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу;
мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу;
қала тұрғындарын баспанамен қамту;
сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.