HomeҚоғамБАРЛЫҚ АДАМДЫ ӨЗ БАЛАСЫНДАЙ КӨРЕТІН ЖАН

БАРЛЫҚ АДАМДЫ ӨЗ БАЛАСЫНДАЙ КӨРЕТІН ЖАН

Біз 2001 жылы мектеп бітірген кезде ауылда 5-6 айлап жарық болмайтын. Десе де амалын тауып, бәріміз үйден бір-бір кілем апарып, сыныптасымыздың үйінде мектеп бітіру кешін өткіздік. Ертеңіне таңертең кілемді алып кетуге барғанда сыныптасымның көршісіне күйеубала болған нағашымды кезіктіріп қалдым. Дәлірек айтқанда, анамның нағашысы Жарқынбек деген қарияның баласы. Қандай мамандық таңдағанымды сұрады. Ол кезде қазіргідей мүмкіндік жоқтың қасы. «Саясаттану ма, тарих па, мұғалімдік па, біреуін оқимын ғой» дедім. Нағашым болса «оларды қайтесің, теміржолшы боласың» деп шорт кесті. Себебі, Жарқынбек атамның бала-шағасы түгел теміржолшылар еді. Сол кезеңде теміржолшылардың жалақысы жақсы, тамақтары мен ем-домы тегін болатын.

 

Бір айға жуық уақыттан соң аттестатымды құшақтап, Сайрамдағы Қарабастау ауылында тұратын Жарқынбек атаның үйіне бардым. Жасы 65-ке келген атам ет комбинатында жұмыс істеген. Бір айда отбасымен 5-6 жілік ет жемесе көңілдері көншімейді екен. Апамыз алдыма еті мол ас ұсынды. Тамаққа тойып алған соң, атаммен бірге Шымкент қаласын жаяу араладық. Екінші күні теміржол торабына барып, Саят есімді ұлы жұмыс істейтін вагон депосының, Қуат есімді ұлы жұмыс істейтін машинистер локомотивінің, Мираш атты қызы жұмыс істейтін байланыс бөлімінің және теміржол емханасының жұмысымен танысып, сол жердің асханасында тамақтандық. Содан шығып Мұхтар Әуезов университетіне дейін жаяу бардық. Шаршағаным соншалық, кешке қарай атамның не айтып жатқанын түсінбей де қалдым. Бірақ, жасы 65-ке келген Жарқынбек атам тың көрінді.

 

Біршама уақыттан соң емтихан тапсыратын күн де жетті. Мені қолдап барған Жарқынбек атам айналадағыларға «кім емтиханды жақсы тапсырса күліп шығады» дейді. Атам айтпақшы, мен де білім сынағынан жымиып шықтым. Содан атамның қуанышы қойнына сыймай, Қарабастаудың орталық көшесіне түскеннен үйге жеткенше бүкіл елден «менің балам оқуға түсті» деп сүйінші сұрады. Үйіне жеткен соң туыстар мен көрші-қолаңды жинап, кішігірім той жасап берді. Аузы дуалы екен, бірнеше күннен соң «Егемен Қазақстан» газетіндегі тізімнен өзімнің М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түскенімді көрдім.

 

Бұл атамның жалғыз жақсылығы емес. Білім алған 4 жыл ішінде Жарқынбек атамның үйіне жиі барып тұрдым. Кейде группаластарымды да ертіп барамын. Қашан барсақ та не ет асылатын, не қуырдақ әзірленетін. Мұндай астан ара-тұра дәм татаын біз «неткен берекелі шаңырақ?» деп тамсанушы едік. Оқу бітірген соң Батыс өңіріне жұмысқа жіберді. Сол кезде де жасы жетпіске таяған атам бірнеше рет арнайы іздеп келді. Әрбір кездесуде ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп отыратын. Әлі де сол ақкөңіл, мейірімді, жанашыр қалпынан танбаған. Бірер жыл бұрын апамыз о дүниеге аттанған. Содан бері Жарқынбек атам жиі еркелеп, ем қабылдап тұратын болды. Сондықтан атам жайлы бір естелік жазып, жалпақ жұртқа таныстырып қойғаным артық болмас.

 

Анамның нағашысы Асылбеков Жарқынбек 1936 жылдың 12 қаңтарында Қарабастау ауылында дүниеге келіп, 1942 жылдан бастап «Орджинкидзе» атындағы мектепте білім алған. Атам балалық шағы жайлы: «Соғыс кезінде тұрмыс нашар болатын, киім, тамақ, оқу құралдары жетіспейтін. Оқушылар саны аз. Кейде тіпті сабаққа баруға мүмкіншілік болмайтын. Қыста жылы киім табылмай қалатын. 1944-1945 жылдары оқушыларды да жұмысқа шығарып, бидай жинауға апаратын. Атқа мінгізіп картоп егуге, арық тартуға баратынбыз. Ересек ер адамдардың барлығы соғыста ғой енді. Соғыс біткеннен кейін 1946 жылы ауылдан 3-4 шақырым жердлегі Ақсай мектебіне оқуға бардым. 7-сыныпқа дейін мектепке ауа райы қандай болса да жаяу барып жүрдім. Кейін Шымкентке жақын орналасқан Қызыл-жардағы «Сталин» атындағы мектепке ауыстым. «Ленин» алаңынан жүретін автобусқа мініп, Қорғасын зауыты арқылы өтуші едік. Жол ұзақ болғандықтан сол ауылдағы өзбек ағайындардың үйлерін жалдап та тұрдық. Сол мектептен түлеп ұшып, Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын курста білім алдым» деп айтып отырады.

 

Атам қолына дипломын алғаннан кейін Ворошилов колхозында мал дәрігері қызметін атқарып, 1958 жылы жолдамамен Жамбыл қаласындағы мал дәрігерлік техникумына оқуға жіберілген. Сабақ енді бастала бергенде әскер қатарына шақырылып, 1958-1962 жылдар аралығында Германия жерінде  әскери борышын өтеген. Әскерден кейін қарт анасы мен ағасының 5 баласына қарайлау үшін «Шымкент Пром Строй» құрылыс бригадасында жұмыс істеген. Ал Жамбыл техникумын сырттай оқып  бітірген. 1963 жылы Бөген ауданындағы Қайнар ауылының қызы Сара апамызбен танысып, сол жылы отбасын құрған. Сара апамыз мақта егінімен айналысатын комсомол бригадасында жетекші болған. Ал, Жарқынбек атамыз 1964 жылы «Шымкент  ет комбинатына» мал дәрігері болып орналасып, 1996 жылға дейін сол қызметті атқарған. «Адал еңбегім үшін төсбелгісі, громота, мақтау қағаздар мен наградалар алдым. 1996 жылы зейнетке шығып, Қарабастау ауылында ауыл биі қызметін атқардым. Ауыл биі болу оңай шаруа емес екен. Ауылға жол салу, су кіргізу, газ тарту, мектеп, мешіт, емхана салу жұмыстарына шамам жеткенше атсалыстым. Ауылымыздың көркеюіне үлес қостым. Осы еңбектерім ескеріліп, 2006 жылы «Сайрам ауданының құрметті» азаматы атандым, 2021 жылы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталдым» дейді атамыз.

 

Адал еңбектің нанын жеп, айналасына шуағын шашқан Жарқынбек атам мен Сара апамыз 60 жыл бірге өмір сүріп, 3 ұл мен 2 қызды жеткізген. Олардан 17 немере мен 20 шөбере тараған. Өкінішке қарай 2022 жылы апамыз өмірден озды. Енді жасы тоқсанға таяған атамызға бір құдай қуат берсін деп тілейміз!

 

Жандос Қамбарбеков,

Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Ұқсас жазбалар