HomeҚоғамТүркістанда су ресурстарын қорғау жұмыстарының қарқыны жоғары

Түркістанда су ресурстарын қорғау жұмыстарының қарқыны жоғары

Түркістан қаласында су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану бағытында соңғы жылдары бірқатар нақты жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Дүниежүзі халқы су тапшылығына алаңдап жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Демек, су көздерін қорғау – бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі. Осы орайда Түркістан қаласында су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану бағытында соңғы жылдары бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Мұндағы мақсат – ауыз су, техникалық және жер асты суларын тиімді пайдаланып, қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

 

Атап айтқанда, қала аумағында сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары атқарылып келеді. Дәлірек айтсақ, «Түркістан қаласын 2035 жылға дейін дамыту бас жоспары» аясында жаңа су құбырлары тартылып, ескі жүйелер кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Соңғы 2 жылда қалада 100 шақырымнан астам жаңа су құбыры жүргізілген. Су қысымын реттейтін және үнемдейтін автоматтандырылған жүйелер енгізілуде.

 

Ал, жер асты су қорларын сақтау саласы бойынша су деңгейін бақылау үшін гидрогеологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істеп тұр. Ұңғымалардың реттелген жұмысы арқылы артық су тартуға шектеу қойылған. Қаланы дамытумен қатар, жер асты суларын ластанудан сақтау үшін санитарлық қорғаныс аймақтары белгіленген.

 

Қалада ауызсумен қамту көрсеткішін жақсарту жұмыстары да тұрақты жүргізіліп, бүгінгі таңда тұрғындардың 95 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су тұтынып отыр. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Ауыз су сапасы лабораториялық бақылау арқылы тұрақты тексеріліп отырады.

 

Заман талабына сәйкес, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Айталық, қалалық мекемелер мен әлеуметтік нысандарда су есептегіш құрылғылар мен үнемдеуші арматуралар орнатылған. Көгалдандыру саласында бірнеше жылдан бері тамшылатып суару әдісі белсенді қолданылып келеді. Суару үшін техникалық суды пайдалану тәжірибесі де кеңінен қолданылып келеді.

 

Арық-канал жүйесін қалпына келтіру саласы бойынша қаланың ішкі арықтары мен каналдары тазартылып, қайта жаңғыртылуда. Бұл жүйе жауын-шашын суын тиімді бағыттауға және суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңбыр суын жинау жүйелерін орнату да қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, қала тұрғындары арасында суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру науқандары жүргізілуде.

 

Жалпы, бұл жұмыстар «Ауыз су», «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы», сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобалары аясында жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі мен қала әкімдігі жыл сайын су инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржыны арттырып келеді. Себебі, қаладағы су ресурстарын қорғау – климаттық өзгерістерге бейімделу, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру үшін маңызды шаралардың бірі.

Ұқсас жазбалар