2025 жылы Түркістан қаласында 52 мың түптен астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қазақстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналған Түркістан қаласында соңғы жылдары құрылыс саласынан бөлек, көгалдандыру және ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл шаралар негізінен қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Атап айтсақ, 2022–2024 жылдар аралығында Түркістан қаласына 500 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, аталған жоспарды орындау аясында 2023 жылы Түркістан қаласының аумағында 200 мың түптен астам ағаш көшеті отырғызылып, қаладағы топырақ пен климаттың ахуалына байланысты бұл көшеттердің шамамен 60 пайызы өнген.
2024 жылдың көктем және күз айларында да қала аумағында жалпы 200 мың түпке жуық ағаш көшеті және 365 мың түптен астам бұта мен гүл көшеттері отырғызылыпты. Оның ішінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан – 110 мың түптен түптен аса ағаш көшеті, 92 мың түптен аса бұта мен көпжылдық гүлдер егілген. Ал, Түркістан қаласының бюджеті есебінен – 85 мың түптен астам ағаш көшеті, 270 мың түптен астам бұта мен гүл көшеттері отырғызылған.
2025 жылы Түркістан қаласында 52 мың түптен астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Биыл көктемде Түркістан қаласының айналасында орналасқан «Жасыл белдеу» аумағындағы 17 мың гектардан аса жерде орман екпелерін отырғызу және толықтыру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, отырғызуға қажетті ағаш көшеттері Түркістан қаласының аумағында орналасқан тұқымбақтардан алынып жатыр. Бұл тұқымбақтарда 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсіріледі, оның ішінде 5 түрі қылқан жапырақты, 11 түрі жапырақты және 5 түрі бұта тектес ағаштар.
Түркістан қаласы әкімшілігінің дерегіне сүйенсек, қала аумағында 120 мың ағаш көшеті отырғызылған болса, оның ішінде 1000-нан астамы жеміс ағашы. Қазіргі таңда Түркістандағы көгалдандырылған аумақ 2,5 миллион шаршы метрден асқан. Ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарына жергілікті тұрғындар, еріктілер, мектеп оқушылары және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді түрде атсалысып келе жатыр.
Атап өтер болсақ, Түркістан қаласында жасыл белдеуді ұлғайту және көгалдандыру жұмыстары бірнеше мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл аймақтарды кеңейтуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Олар мыналар:
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан қаласында көктемгі және күзгі кезеңдерде ауқымды ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, бір ғана 2025 жылдың көктемінде қалада 5 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Бұл іс-шараларға облыс және қала әкімі, жергілікті тұрғындар, еріктілер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысуда.
«Жасыл белдеу» жобасы
Бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл белдеу» жобасы Түркістан қаласының айналасында орман алқаптарын құруды көздейді. Бұл жоба аясында қала маңындағы 8 185 гектар жерге орман екпелері отырғызылып, жалпы 17 019 гектар аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іс-шаралар қаланың климаттық жағдайын жақсартуға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
«Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Бүгінде Түркістан қаласын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрақты түрде айналысады. Нақтырақ айтқанда, мекеме қалаға қарасты 626 гектар аумақтағы көгалдандыру нысандарын күтіп-баптау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта елуден астам нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде жиырмадан аса ойын алаңшасы, 4 саябақ пен сквер және негізгі көшелердің көгалдандыру жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары бар.
«Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022–2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары»
2022-2024 жылдар аралығында іске асырылған бұл жоспар Мемлекет басшысының 15 миллион түп көшет егу тапсырмасына сәйкес әзірленген. Жоспар аясында Түркістан облысында 1,1 миллион түп көшет отырғызу көзделген. Оның ішінде Түркістан қаласына 512 мың түп көшет отырғызу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілген болатын.
Халықаралық ынтымақтастық
Қазіргі таңда технологияның дамуы кез келген салаға тікелей қатысты. Тіпті, ағаш егіп, оны өндіруге де озық технология қолданылады. Осы ретте Түркістан қаласының әкімдігі көгалдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жетілдіру және тиімді тәжірибе енгізу мақсатында Қытай Халық Республикасының қалаларымен келісімшарттар жасасып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл ынтымақтастық Түркістанның климаттық жағдайына бейімделген көгалдандыру әдістерін енгізуге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.