HomeТуризмТүркістанда бірегей халықаралық фестиваль өтеді

Түркістанда бірегей халықаралық фестиваль өтеді

«Түркістан – әлемдік қолөнершілер қаласы» атты бірегей халықаралық фестиваль өтеді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан — қатардағы қалалардың бірі ғана емес, мыңжылдықтардан сыр шертетін қасиетті шаһар. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, сан дәуірдің куәсі болған көне өркениеттің орталығы. Түркі дүниесінің тал бесігі, ата-баба аманаты мен мәдени мұра тоғысқан мекен.

 

Бүгінгі таңда Түркістан — заманауи сәулет пен ұлттық рухтың жарасым тапқан мекеніне айналып келе жатыр. Қасиетті орындар, кесенелер мен көне керуен сарайлар жаңаша кейіпке еніп, еліміздің туристік әрі рухани орталығы ретінде жаңғыруда.

 

Осы орайда, 21–23 тамыз күндері аралығында Түркістан қаласында «Түркістан – әлемдік қолөнершілер қаласы» атты бірегей халықаралық фестиваль өткізіледі. Мұндағы мақсат — Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру және ұлттық өнерге қолдау көрсету.

 

Аталған фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, автофест, әуе шарлары шоуы, жанды музыка мен заманауи сахналық бағдарлама, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының арнайы көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

 

Атап өту керек, «Бір ауыл – бір өнім» – ауылдық жерлердің бірегей табиғи, мәдени және қолөнер қазыналарын танытып, нарыққа шығаруға бағытталған жоба. Көрме мен жәрмеңкеде Түркістан облысының және өзге өңірлердің ауылдық шеберлері өз қолымен жасаған экологиялық таза өнімдерін, ұлттық нақыштағы бұйымдарын, табиғи тағамдарын ұсынады. Келушілер тек тамашалап қана қоймай, ұнаған заттарын сатып ала алады.

 

Мұнда ағаш және былғарыдан жасалған бұйымдар; кестеленген ұлттық киімдер; керамика және зергерлік өнер туындылары; экологиялық таза тосап, бал, сүт өнімдері мен тағамдар; ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылады.

 

Жоба ауыл кәсіпкерлерін қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға, дәстүрлі өнерді жаңғыртуға және жергілікті брендтерді қалыптастыруға бағытталған.

 

Аталған фестиваль аясындағы іс-шаралар Түркістан қаласындағы мәдени-рухани орталық аумағында өткізіледі.

 

Ұқсас жазбалар