Түркістан қаласына Меркі ауданының ресми делегациясы келді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібеков Жамбыл облысы, Меркі ауданының әкімі Ербол Жұмабекұлы бастаған делегацияны қарсы алып, ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі өңір арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Жиында Қуаныш Нұржанұлы Түркістан қаласының ерекше мәртебесі, соңғы жылдардағы даму қарқыны, халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен бауырлас және достық байланыстары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Қала туризм, инфрақұрылым, мәдениет және инвестиция салаларында айтарлықтай табыстарға жетіп, шаһардың әлемдік деңгейдегі мәртебелі ұйымдардан жоғары бағаға ие болғаны туралы атап өтті.
Кездесу барысында Түркістан қаласы Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің м.у.а. Ерлан Нұрланұлы, Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Оңалханұлы Оспан және Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мұратәліұлы Жарасов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалары, абаттандыру және құрылыс жұмыстары жөнінде баяндамалар жасады.
Шара соңында тараптар өзара ұсыныстар мен пікірлерімен бөлісіп, бірлескен жобалар мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.
Іс-шара аясында Меркі ауданының делегациясына қаладағы бірқатар тарихи, мәдени және туристік нысандары таныстырылды. Қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Хилует жер асты мешіті, Этно ауыл, «Керуен Сарай» туристік кешені, Арнайы экономикалық аймақ және басқа да маңызды нысандарда болып, әкімдік өкілдерімен кеңірек тәжірибе алмасты.