«Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» жобасының стандарттары бойынша облыс кәсіпорындарын зерделеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының тапсырмасымен «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» жобасының стандарттары бойынша облыс кәсіпорындарын зерделеу жұмыстары жалғасуда. Партия өкілдері осы міндетті атқару шеңберінде өңіріміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-на барды.
Электромотор, генератор және трансформатор өнімдерін шығаратын зауыт еліміздің электротехника саласының көшбасшысы болып табылады. Мұнда жылына 20 мың дана жалпы мәндегі үш фазалық, майлы және құрғақ санаттағы құйылмалы изоляциясы бар І-ІІ-ІІІ габаритті қуаттылығы 10-35-110 кВ болатын күштік трансформаторлар, электр қуатымен жүретін темір жол транспортына арналған күштік трансформаторлар, комплектілі трансформаторлық подстанциялар, ажыратқыш жабдықтары өндіріліп, Қазақстан мен ТМД нарығын электротехникалық жабдықтармен қамтып отыр.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүргізілген зерделеу барысында, кәсіпорында әйелдерге жасалған қолайлы еңбек жағдайын қамтуға, еңбек қатынастары саласында әйелдер құқықтарының сақталуына, ұжымда гендерлік теңдік қағидаттарының мүлткісіз орындалуына, корпоративтік мәдениеттің берік болуына, жұмысшылардың отбасын қолдауға арналған шараларға баса мән берілді. Атап өтуіміз керек, бұл кәсіпорында барлығы 600-ден астам адам жұмыс істесе, оның 20 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Басшылық құрамда әйел азаматтардың үлесі 21 пайыздан асады.
Кәсіпорында әйелдерге мейлінше қолайлы жағдай жасалғанын атап өтуіміз керек. Зауыт қызметкерлерінің орташа жалақысы 404 мың теңгеден асса, еңбекақы төлеу барысында әйелдер ерлермен бірдей жалақы алады. Барлық қызметкерлер жұмыс киімімен қамтылады, әйелдерге арналған санитарлық жайлар, демалыс орындары қарастырылған, балалы әйелдерге қолайлы жұмыс кестесі бекітілген. Сондай-ақ, жүкті әйелдер мен бала күтімі демалысындағы әйелдер үшін әлеуметтік кепілдіктер белгіленген. Әйелдерге арналған көшбасшылықты дамыту бағдарламалары қабылданып, іске асырылуда, жұмысқа жаңадан орналасқан қызметкерлерге тәлімгерлерді бекіту үрдісі енгізілген. Зауыт басшылығының ұйғарымымен жыл сайын, жаңа оқу жылы қарсаңында қызметкерлерге материалдық көмек көрсету дәстүрі қалыптасқан.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-мен жұмысшы әйелдер құқықтарын қорғау, әйелдер бастамаларын бірлесе іске асыру бағытындағы ынтымақтастық байланысты арттыра беретін болады.