Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева Қазығұрт ауданында жеке қабылдау өткізіп, әйелдер көтеріп жатқан мәселелерді тыңдады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева Қазығұрт ауданында жеке қабылдау өткізіп, әйелдер көтеріп жатқан мәселелерді тыңдады. Тұрғындар білдірген сұраныстар бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев мағлұмат берді.
Жұртшылықты алаңдатқан мәселелердің шешім табуы жөнінде партиялық жұмыстар мен депутаттық корпустың іс-қимылы жөнінде партияның Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов пен Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Нұран Марат көтерілген мәселелер бойынша қосымша ұсыныстарын білдірді.
Қабылдауға келген тұрғындар түрлі салаға қатысты сауалдарын жеткізді. Оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, белгілі тыл еңбеккері Серікбай Әбдіқұловтың атына көше беру мәселесі көтерілді. Бұл сауал бойынша көшелерге, географиялық объектілерге атау беруді реттейтін құқықтық-нормативтік талаптар түсіндірілді. Елді мекендердің құрамдас бөлігі болып табылатын көшелерге атау беру мәселесі облыстық ономастикалық комиссияның шешімі негізінде жүзеге асатыны туралы мағлұмат беріліп, тиісті ұсыныс енгізу үшін құжаттар топтамасы әзірленетіні айтылды.
Қазығұрт ауылдық округі, Атажұрт елді мекенінен келген тұрғын жеке кәсібін ұлғайту үшін жер телімін алуға көмек сұрап келсе, осы ауылдық округтің тағы бір тұрғыны отбасында үш мүгедек жанның асыраушысы болып отырғанын айтып, 2009 жылдан беру тұрғын үй кезегінде тұратынын білдірді, коммуналдық тұрғын үй қорынан үй алуға жәрдем көрсетуді сұрады. Бұл мәселелер бойынша жауап берген Қалыйма Жантөреқызы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсету, тұрмыстық қиын жағдайда қалған отбасыларды қамқорлыққа алу – партияның Әйелдер қанаты атқаратын жұмыс бағыты екенін білдірді. Көтерілген мәселелерді шешуде аудан әкімдігімен тығыз байланыста іс-қимыл жүргізілетінін мәлімдеп, бұл сұраныстардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын білдірді.
Тұрғындар білдірген сұраныстардың қатарында жастарға арналған спорт үйірмелерінің санын ұлғайту, ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға басымдық беру, аудан орталығындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын дене шынықтыруға арналған спорттық жабдықтармен қамту мәселесі қозғалды. Балалар спортын және бұқаралық спортты дамыту, мықты спорттық инфрақұрылым түзу, азаматтардың орташа жасын ұлғайту жөніндегі нақтылы жұмыс көрсеткіштері «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын өңірімізде іске асыру жөніндегі Жол картасында қамтылғаны айтылды. Осы құжаттың негізінде аудан орталығында жаңа спорт кешенін салу, ауыл-аймақтардың спорттық инфрақұрылымын жақсарту міндеттері белгіленгені түсіндірілді. Бұл жұмыстардың атқарылуы партияның тұрақты бақылауында болады. Сондай-ақ «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын қажетті спорттық жабдықтармен қамту мәселесін тиісті облыстық басқармалармен бірлесе қарастырылатыны айтылды.