HomeЖаңалық2025 жылы Түркістан қаласында ауқымды туристік кешендер ашылады

2025 жылы Түркістан қаласында ауқымды туристік кешендер ашылады

 Түркістан қаласының аумағында туристік жобалар көптеп іске асырылып жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы – тарихи және мәдени мұраға бай, өзіндік ерекшелігі мол, ашық аспан астындағы мұражай іспетті өңір. Сәйкесінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында өңірдегі туризм саласында оңды өзгерістер орын алған. Әсіресе Түркістан қаласының аумағында туристік жобалар көптеп іске асырылып жатыр. Бұл жайында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баспасөз жиынында айтты.

 

Спикердің сөзіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында өңірдегі туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 33 млрд. теңгені құраған. Атап айтқанда, Түркістан қаласының аумағында «Lords Heir», «Khan Palace 2» және «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйлері, «Болашақ құрылыс» ЖШС-ның демалыс аймағы және өзге де нысандар іске асырылып жатыр.

 

«Өңірге келген шетелдік туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейіп отыр. E-qonaq жүйесіндегі ақпараттарға сәйкес, қаңтар-маусым айлары аралығында шетелдік туристер саны 24 мыңға жуықтады. Олардың ішінде Қытай, Жапония, Италия, Германия елдерінен келген туристер саны көбейіп келеді. Сондай-ақ, туризм басқармасы халықаралық деңгейдегі жетістіктер мен маңызды серіктестік байланыстарға қол жеткізді. Халықаралық БАҚ беттерінде Түркістан туралы ақпараттар таратылып, өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. Атап айтқанда, он тілде хабар тарататын «Euronews» халықаралық телеарнасы Түркістанның туристік әлеуеті бойынша 2 мақала жариялады. «CNN» халықаралық жаңалықтар арнасы арнайы бейнематериал дайындап, көрерменге ұсынды. Түркияның «TRT» телерадио корпорациясы мен «Anadolu Ajansı» ақпарат агенттігі Түркістан қаласындағы туристік нысандар туралы бейнероликтер мен мақалалар жариялады. Сонымен қатар, Түркістан облысы мен түркиялық «Albayrak Media Group» арасында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Түркияның «TÜRSAB» туристік агенттіктер қауымдастығының делегациясы Түркістанның туристік әлеуетімен танысып, арнайы танымдық бейнематериал жариялады. Қытай Халық Республикасында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған 5 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Түркістан облысының туризм басқармасы Халықаралық туризм альянсына (WTA) мүше болуға ұсыныс жасады. 2025 жылдың қараша айында Қытай Халық Республикасының Ханжоу қаласында ресми түрде ұйым мүшелігі табысталады. Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында «Visit Turkistan» туристік ақпараттық кеңсесі ашылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Шілде айында Шанхайдың 20 адамынан құралған алғашқы туристер тобын қабылдадық. «Turkistan TV» телеарнасымен бірлесіп, бірқатар қонақ үйлерге облыстың туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттар орналастырдық. Бұл бастамалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, шетелдік инвестициялар мен туристердің келуіне жол ашады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады», — деді Нұрдәулет Данабайұлы.

 

Басқарманың биылғы жылға арналған жоспарына сәйкес, Түркістан қаласының аумағында ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2025 жылы «Ескек есу каналы» жобасын іске қосу жоспарланған. Жуырда «Қолөнершілер қалашығы» жобасы да аяқталып, ресми ашылуы өткізіледі. «Күлтөбе қалашығы» жобасы да жақын арада іске қосылып, туристерге қызмет ете бастамақ.

 

Жалпы, биыл өңірде туризм саласында 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға 26,3 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылым саласында жалпы құны 11,3 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылмақ. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жеткізілмек. Инвестиция көлемін 55,8 млрд. теңгеге және қызмет көрсету көлемін 8,6 млрд. теңгеге дейін көбейту көзделіп отыр.

 

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңірде 250-ге жуық орналастыру нысаны, 300-ге тарта демалыс аймағы және 120-дан аса емдік-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың I тоқсанында орналастыру нысандарында болған туристер саны 61,3 мыңға жетіп, өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 1,5%-ға көбейген және көрсетілген қызмет көлемі 1,49 млрд. теңгені құрапты. Сонымен қатар, 2025 жылдың 6 айында өңірдегі табиғи аумақтарға келушілер саны 80,2 мың адамға жетсе, тарихи орындарға келгендер саны 520,7 мың адамды құраған. Олардың басым бөлігі «Әзірет Сұлтан» және «Отырар» қорық-музейілеріне табан тіреген.

 

 

«Атқарылған жұмыстар мен жоспарларды сараласақ, Түркістан облысының туризм саласында даму байқалады. Басқарма тарапынан өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, «Таза Қазақстан» акциясы аясында туристік орындардың тазалығына жан-жақты талдау жасау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Сондықтан өңірге келуші туристер саны тұрақты түрде көбейіп, біршама жаңа жұмыс орны құрылады деп сенеміз. Нәтижені жақсарту мақсатында басқарма тарапынан жан-жақты жұмыстар атқарылатын болады», — дейді басқарма басшысы.

 

Ұқсас жазбалар