HomeТуризмТүркістан облысында бірнеше туристік жоба іске қосылады

Түркістан облысында бірнеше туристік жоба іске қосылады

Түркістан облысында туризм саласында ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бұл жайында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баспасөз жиынында айтты.

 

Басқарманың биылғы жылға арналған жоспарына сәйкес, Түркістан облысында ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2025 жылы «Ескек есу каналы» жобасын іске қосу жоспарланған. Жуырда «Қолөнершілер қалашығы» жобасы да аяқталып, ресми ашылуы өткізіледі. «Күлтөбе қалашығы» жобасы да жақын арада іске қосылып, туристерге қызмет ете бастамақ.

 

Жалпы, биыл өңірде туризм саласында 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға 26,3 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылым саласында жалпы құны 11,3 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылмақ. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жеткізілмек. Инвестиция көлемін 55,8 млрд. теңгеге және қызмет көрсету көлемін 8,6 млрд. теңгеге дейін көбейту көзделіп отыр.

 

«Атқарылған жұмыстар мен жоспарларды сараласақ, Түркістан облысының туризм саласында даму байқалады. Басқарма тарапынан өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, «Таза Қазақстан» акциясы аясында туристік орындардың тазалығына жан-жақты талдау жасау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Сондықтан өңірге келуші туристер саны тұрақты түрде көбейіп, біршама жаңа жұмыс орны құрылады деп сенеміз. Нәтижені жақсарту мақсатында басқарма тарапынан жан-жақты жұмыстар атқарылатын болады», — дейді басқарма басшысы.

 

 

Ұқсас жазбалар