HomeТуризмТҮРКІСТАН: 2025 жылдың басынан бері туризм саласына 33 млрд. теңге инвестиция тартылды

ТҮРКІСТАН: 2025 жылдың басынан бері туризм саласына 33 млрд. теңге инвестиция тартылды

2025 жылдың алғашқы жартысында Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 33 млрд. теңгені құраған, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бұл жайында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баспасөз жиынында айтты. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында өңірдегі туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 33 млрд. теңгені құраған. Атап айтқанда, «Lords Heir», «Khan Palace 2» және «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйлері, «Болашақ құрылыс» ЖШС-ның демалыс аймағы және өзге де нысандар іске асырылып жатыр.

 

«Өңірге келген шетелдік туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейіп отыр. E-qonaq жүйесіндегі ақпараттарға сәйкес, қаңтар-маусым айлары аралығында шетелдік туристер саны 24 мыңға жуықтады. Олардың ішінде Қытай, Жапония, Италия, Германия елдерінен келген туристер саны көбейіп келеді. Сондай-ақ, туризм басқармасы халықаралық деңгейдегі жетістіктер мен маңызды серіктестік байланыстарға қол жеткізді. Халықаралық БАҚ беттерінде Түркістан туралы ақпараттар таратылып, өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. Атап айтқанда, он тілде хабар тарататын «Euronews» халықаралық телеарнасы Түркістанның туристік әлеуеті бойынша 2 мақала жариялады. «CNN» халықаралық жаңалықтар арнасы арнайы бейнематериал дайындап, көрерменге ұсынды. Түркияның «TRT» телерадио корпорациясы мен «Anadolu Ajansı» ақпарат агенттігі Түркістан қаласындағы туристік нысандар туралы бейнероликтер мен мақалалар жариялады. Сонымен қатар, Түркістан облысы мен түркиялық «Albayrak Media Group» арасында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Түркияның «TÜRSAB» туристік агенттіктер қауымдастығының делегациясы Түркістанның туристік әлеуетімен танысып, арнайы танымдық бейнематериал жариялады. Қытай Халық Республикасында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған 5 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Түркістан облысының туризм басқармасы Халықаралық туризм альянсына (WTA) мүше болуға ұсыныс жасады. 2025 жылдың қараша айында Қытай Халық Республикасының Ханжоу қаласында ресми түрде ұйым мүшелігі табысталады. Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында «Visit Turkistan» туристік ақпараттық кеңсесі ашылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Шілде айында Шанхайдың 20 адамынан құралған алғашқы туристер тобын қабылдадық. «Turkistan TV» телеарнасымен бірлесіп, бірқатар қонақ үйлерге облыстың туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттар орналастырдық. Бұл бастамалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, шетелдік инвестициялар мен туристердің келуіне жол ашады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады», — деді Нұрдәулет Данабайұлы.

Ұқсас жазбалар