Түркістан өңірінде 250-ге жуық орналастыру нысаны, 300-ге тарта демалыс аймағы және 120-дан аса емдік-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысы – тарихи және мәдени мұраға бай, өзіндік ерекшелігі мол, ашық аспан астындағы мұражай іспетті өңір. Сәйкесінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында өңірдегі туризм саласында оңды өзгерістер орын алған. Бұл жайында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баспасөз жиынында айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңірде 250-ге жуық орналастыру нысаны, 300-ге тарта демалыс аймағы және 120-дан аса емдік-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың I тоқсанында орналастыру нысандарында болған туристер саны 61,3 мыңға жетіп, өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 1,5%-ға көбейген және көрсетілген қызмет көлемі 1,49 млрд. теңгені құрапты. Сонымен қатар, 2025 жылдың 6 айында өңірдегі табиғи аумақтарға келушілер саны 80,2 мың адамға жетсе, тарихи орындарға келгендер саны 520,7 мың адамды құраған. Олардың басым бөлігі «Әзірет Сұлтан» және «Отырар» қорық-музейілеріне табан тіреген.