Түркістан қаласында кәріз желілерінің құрылысы қарқынды жалғасуда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қалада орталықтандырылған сарқынды су жүйесімен қамту мақсатында айрықша көңіл бөлініп, бірқатар ауқымды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Қазіргі таңда Сауран және Шауғар секторлары мен Баянауыл шағын ауданында кәріз желілері мен насос станцияларының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сауран секторында 83 көше, 4 372 абонентті қамтитын желі биыл пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта №2 кәріздік насос станциясында қазба жұмыстары атқарылуда.
Ал Баянауыл шағын ауданында 25 көше, 2 103 абонентке қызмет көрсететін желінің құрылысы — Жангелдин көшесіндегі магистралдық құбыр қазу жұмыстарымен жалғасуда.
Сонымен қатар, Шауғар мөлтек ауданында ұзындығы 99,9 шақырымды құрайтын желі арқылы 3 294 абонентті қамту жоспарланып, бүгінде Шала Бақсы және Семей көшелерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қала аумағында жалпы 27 кәріздік насос станциясы жұмыс істейді. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында биыл 13 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.