HomeҚоғамТүркістанда «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтеді

Түркістанда «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтеді

Түркістан қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтеді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері, білім бөлімінің өкілдері және ата-аналар қатысты.

 

Күн тәртібінде Түркістан қаласы прокуратурасының заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынысы және «Мектепке жол» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

 

Биылғы жылғы 1 тамыздан бастап Түркістан қаласында әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды.

 

Игі шара аясында қаладағы 85 мектеп, 150 балабақша және 6 мектептен тыс мекемелерде жалпы 55 252 оқушы мен 17 109 тәрбиеленушіні қамту жоспарланған. Қамқоршылық кеңестер мен мектеп әкімшіліктерінің қатысуымен аз қамтылған отбасыларға мектеп формасы мен оқу-құралдарын төмендетілген бағамен ұсыну үшін кәсіпкерлер тартылып, 22 тамыз күні «Эко базар» аумағында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылады.

 

Биылғы жылы көмек көрсетілетін балалардың санаты Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 5 топқа сәйкес айқындалып, әр оқушының әлеуметтік жағдайы мұқият зерделенеді. Сондай-ақ, мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» және «Жұмыстылық» рейдтері өткізіліп, ата-аналардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін «қызу желілер» мен қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейді .

Акция аясында «Балаға мейірім сыйла!», «Отбасы отбасыға көмектеседі» сияқты қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, бірінші сынып оқушыларына арналған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әлеуметтік бейнероликтер әзірленіп, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

 

Ұқсас жазбалар