Биыл қазақтың ғана емес, тұтас адамзаттың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы ел көлемінде тойланып жатыр. Осы орайда Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты онкүндік іс-шара өткізді. Мұндағы мақсат – хакім Абайдың рухани мұрасын ел арасында кеңінен насихаттап, қара сөздері мен поэзиясы арқылы өскелең ұрпақтың бойына рухани азық себу.
1 тамыз күні онкүндік салтанатты түрде бастау алып, мәдениет басқармасының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери бөлім сарбаздары мен көркемсөз шеберлері қатысқан іс-шарада ұлы ойшылдың мұралары насихатталды. Екінші күні «Абай – қазақтың рухани ұстазы» тақырыбымен өткізілген кездесуге білім беру мекемелерінің ұстаздары қатысып, оқырмандармен бірге Абайдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен философиялық тұжырымдары жайында тың деректерді талқылады. Ал үшінші күні «Қарлығаш» жазғы сауықтыру лагерінде Абай Құнанбайұлының шығармашылығы бойынша әдеби-танымдық кеш өтті. Лагердегі балалар ақын өлеңдерін жатқа айтып, Абайдың сөзіне жазылған әндер орындалды. Әдеби кешке қатысқан балалар Абай шығармаларынан алған әсерлерін сурет арқылы бейнелеп, өзіндік көзқарастарын білдірді.
Онкүндік аясында «Фараб» кітапханасында абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Әліпханның қатысуымен «Абай даналығы – халық мұрасы» атты ғылыми конференция өтті. Іс-шараға философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Раманқұлов, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары М.Тастанбеков, «Яссауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы, музей және кітапхана қызметкерлері қатысып, Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы кеңінен насихатталды. Абайдың кемел адам туралы ілімі мен дүниетанымдық көзқарастары, олардың қазіргі қоғамдағы өзектілігі мен маңызы сөз болды. Бесінші күні белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Көзімнің қарасы» атты ән кеші өтті. Оған кітапхана қызметкерлері, «Ұлттық ұлан» 5574 әскери бөлімінің сарбаздары мен орталықтан қызмет алушылар қатысып, өнер көрсетті. Абайдың халық санасында сақталған «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» сынды әсем әндері орындалды. Алтыншы күні кешкісін «Фараб» кітапханасының алаңында «Абай жолы» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылып, ерекше форматта өткізілген іс-шараға жүзге жуық адам қатысты. Көрермен Абайдың көркем бейнесі мен ол өмір сүрген заманға терең бойлап, оның ғибратты ғұмыры жайлы тың деректермен танысты. Ашық аспан астындағы іс-шараға қызығушылық жоғары болғандықтан, алдағы уақытта «Фараб кинотеатры» жобасын тұрақты түрде жалғастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, кітапхана ұжымы онкүндік аясында «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты әдеби кеш өткізді. Оған Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының жеке құрамы қатысып, Абай шығармашылығымен танысты. Кеш соңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Тынымбекұлы және «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Шаматайқызы сөз сөйлеп, Абай мұрасының ұлт тәрбиесіндегі орны мен маңызына тоқталды. Одан бөлек, осы күні «Фараб» кітапханасының «Қуаныш» сауда орталығындағы және Ашық әкімдіктегі бөлімшелерінде дөңгелек үстел өтті.
Онкүндік аясында Түркістандағы «Президент саябағында» «Абай әлемі – руханият бұлағы» тақырыбымен поэтикалық кеш өткізіліп, қала тұрғындары мен қонақтары
Абайдың мәңгілік мұрасы саналатын өлеңдерін, қара сөздері мен әндерін тыңдады. Кеш барысында сахналық қойылым ретінде Абай бейнесі ұсынылып, халық арасында жүріп өлең оқыған кейіпкердің өнері ерекше әсер сыйлады. Сонымен бірге, Абай шығармашылығына негізделген әдеби викторина ұйымдастырылып, қатысушылар өлеңді жалғастыру, қара сөздерден үзінді айту және тақырыпқа сай логикалық сұраққа жауап беру ойындарына қатысты. Белсенді қатысушыларға сыйлық табысталды. Тоғызыншы күні халық көп шоғырланатын «Turan mall», «Khanshaiym Plaza» және «Қуаныш» сауда орталықтарында, «Karavan Saray» туристік кешенінде кітапхана қызметкерлері Абайға қатысты әдебиеттерді көпшілікке таныстырды. Атап айтқанда, Абайдың өлең жинақтары, қара сөздері, ақын туралы зерттеулер мен танымдық еңбектер оқырман назарына ұсынылды.
Онкүндіктің соңғы күнінде алдымен Абай ескерткішінің маңында маңызды да мәнді рухани іс-шара өтті. Оған Түркістан облысының әкімі мен ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысып, ұлы ақынның мұраларын насихаттады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ардегерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, еңбек ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал Мұрат Қабденов Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Өңір басшысы көпшілікті «Абай күнімен» құтықтап, ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Кітапхана тарапынан арнайы жасақталған «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты көрме көпшілікке таныстырылып, «Абай жолы» романының жаңа басылымы түркістандықтарға тарту етілді.
Осы күні «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ауқымды іс-шара қорытындыланды. Іс-шарада Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Роза Нарымбетова мен тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбекке сөз беріліп, Абайдың рухани қазынасы мен оны дәріптеу ісі және өткізілген іс-шаралар жайлы ойларын айтты. Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, ақын Мұхит Мақажанов пен Сауран аудандық маслихатының депутаты Хуршид Шарапов та арнайы қатысып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Онкүндік аясында атқарылған жұмыстар қорытындысы бейнебаян арқылы көрсетіліп, «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» оркестрі мен әншілері, көркемсөз шеберлері орындаған шығармалар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Іс-шара соңында аудан, қалалардағы кітапханалар жасақтаған кітап көрмелері кеш қонақтарының назарына ұсынылды.
Осылайша, аз ғана мерзімде өңір руханиятының ошағына айналған облыстық «Фараб» кітапханасы ұлы ақынның рухына құрмет көрсетіп, өшпес мұраларын тағы бір рет жаңғыртып, Абай шығармашылығын дәріптеуге өзіндік үлесін қосты. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамақ емес.
Жанат Шардабекова,
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры.