Былтыр Түркістанға 1,1 млн турист келген, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Былтыр Түркістан қаласына 1,1 миллион турист келген. Ал, адағы екі жылда бұл көрсеткішті 2 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін қала аумағында саяхатшыларды қызықтыратын ауқымды жобалар іске асырылмақ.
Атап өту керек, Түркістан – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, тарихы терең, мәдениеті бай, рухани мәні ерекше қала. 1500 жылдық тарихы бар көне шаһар бүгінде тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығына айналды. 2018 жылы облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін Түркістанда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, заманауи және тарихи туризм қатар дамуда.
Басты туристік нысандар:
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
ЮНЕСКО мұрасына енген бұл кесене – Түркістанның жүрегі. XIV ғасырда Әмір Темір салдырған бұл ғимарат – ислам әлеміндегі ірі діни және сәулет ескерткіштерінің бірі. Кесене кешенінде тарихи тұлғалардың қабірлері мен діни жоралғыларға арналған бөлмелер орналасқан. Ғалымдар мен сәулетшілер оны инженерлік шеберліктің шыңы деп бағалайды. Ал көк күмбезі Орталық Азиядағы ең үлкені.
- Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы тарихи нысандар кешенін біріктіретін бұл қорық-мұражайда археологиялық жәдігерлер мен этнографиялық экспонаттар қойылған.
- Ұлы Дала Елі орталығы (Керуен-Сарай)
Түркістанның жаңа келбетіне айналған бұл кешен – сауда, мәдениет пен ойын-сауықты біріктірген заманауи нысан. Онда су үстіндегі театр, шығыс базары, қонақ үйлер мен кафелер, қолөнер шеберханалары орналасқан.
- Түркі әлемі орталығы
Бұл нысан түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін көрсететін арнайы экспозициялармен толықтырылған. Мұнда түркі халықтарының көрнекті тұлғалары мен өркениеттері жайлы ақпараттар ұсынылады.
- «Қылует» жер асты мешіті
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен оңтістікке қарай 120 метр қашықтықта орналасқан, ХІІ ғасырда салынған ортағасырлық діни сәулет құрылыстарының бірі. «Қылует» сөзі араб тілінде «халуәтун» – жалғыз, оңашада қалу, жеке болу дегенді білдіріп, Жаратушаға оңашада отырып құлшылық ету мағынасын береді. Қожа Ахмет Яссауи 63 жасында Қылует мешітін арнайы салдырып, қалған өмірін осында өткізген және Диуани хикмет, Мират-ул-қулуб, Пақырнама және т.б. көптеген еңбектерін жазып қалдырған.
- Күлтөбе қалашығы
Түркістан облысы, Түркістан қаласында орналасқан ежелгі бекіністі қоныс және археологиялық ескерткіш. Нысан – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік аймағында, 350 метр жерде орналасқан.
Түркістан қаласында бұдан да өзге туристік нысандар жеткілікті. Мәселен, Түркістан халықаралық әуежайы ашылып, туристер ағыны артты. Жаңа қонақ үйлер, туристік ақпарат орталықтары, бағыттаушы инфрақұрылымдар дамуда. Тіпті, Түркістанда халықаралық туризм форумдары мен мәдени фестивальдар жиі өткізіліп келеді.
Түркістан – тарихи жәдігерлер мен заманауи сәулетті үйлестіре білген ерекше қала. Қалаға сапар шегу арқылы қазақ халқының рухани болмысын, тарихын, дәстүрін сезінуге болады. Бүгінде Түркістан Орталық Азиядағы туризмнің маңызды нүктесіне айналып келеді.