Түркістандағы туристік полиция соңғы бір айда 650-ге жуық азаматқа қызмет көрсетті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Еліміздің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Түркістанда туристік полиция құрылған. Бұл бөлім инспекторлары шетел азаматтарының қаладағы жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Туристік полицейлер шетелдіктерге елімізде болу ережелерін түсіндіреді, көші-қон заңнамасын бұзған адамдарды анықтайды, өтініштерді есепке алады және туристік аймақты патрульдейді.
Бүгінде туристерге қызмет көрсету взводында 25 қызметкер бар. Олар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен сарай» кешені, Президент саябағы сияқты туристер көп жиналатын орындарда қызмет атқарады.
Соңғы айда туристік полиция қызметіне жүгінген азаматтар негізінен белгілі бір мекенжайға, тамақтану орындарына және көрікті жерлерге жету жолын сұраған. Полицейлер маршрутты түсіндіріп, такси шақыруға көмектескен және қажетті ақпарат берген.
Шетелдіктерден бөлек, отандастар да жоғалған баланы табу немесе ұмытылған жеке заттар мен телефондарды қайтару бойынша көмек сұрайды.
Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен және рациямен жабдықталған. Олар қазақ, орыс, түрік, қытай және ағылшын тілдерін, сондай-ақ ел тарихын жетік меңгерген. Бұдан бөлек, қала аумағында туристерге арналған «SOS» батырмасы жұмыс істейді.