Бас прокурор биыл мемлекетке 716 млрд теңге қайтарылғанын айтты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 инвесторға көмек көрсетілді. 2023 жылдан бері бұл көрсеткіш 1 522-ге жетті.
Бас прокурор Берік Асыловтың дерегінше, олардың жалпы инвестиция көлемі 8,3 трлн теңгені құрап, ондаған мың жұмыс орнын құруға және сақтауға ықпал етті.
Ағымдағы жылдың басынан бері прокуратура органдарының мобильді топтарына 800-ден астам кәсіпкер жүгінген, олардың әрбір төртінші фактісі расталған. Шағымдардың басым бөлігі тексеру жүргізудің заңдылығына, шектеу шараларын қолдануға және адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселелеріне қатысты болды. Нәтижесінде 86 қадағалау актісі енгізілген.
«Атамекен» ҰКП-мен екіжақты келісім аясында прокуратура органдары бизнестің жүйелі проблемаларын шешуге белсенді қатысады. Инвесторларды қорғау тетіктерінің бірі – биыл заңнамамен бекітілген «прокурорлық сүзгі». Бұл құрал рұқсаттарды беру тәртібін жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесінде ашықтықты қамтамасыз етті», – деді Бас прокурор.
Оның сөзінше, Активтерді қайтару комитеті 2025 жылы 354 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтарған. Қаржы 400-ден астам әлеуметтік нысан құрылысына бағытталып, оның ішінде шалғай елді мекендерде 333 нысанның құрылысы басталды. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау және спорт саласындағы 33 нысан пайдалануға берілді.
«Бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген тексерулер нәтижесінде мемлекет кірісіне 5,7 млрд теңге өндіріп алынды, 259 млрд теңгеге 641 сатып алу жойылды, 1 519 адам жауапкершілікке тартылды. Жалпы, прокурорлық шаралардың нәтижесінде бюджетке 716 млрд теңге қайтарылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласында 109 млрд теңгенің ықтимал шығындарының алдын алдық», – деді Берік Асылов.