Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасында «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының жеке құрамының қатысуымен, ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндік аясында «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты әдеби кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – Абай мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау, оның шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани-мәдени тәрбие беру. Кеш шымылдығы Абай Құнанбайұлының өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Абай жолы» деректі фильмінің көрсетілімімен ашылды.
Әдеби кеш барысында Абайдың өнегелі қара сөздері, даналыққа толы өлеңдері оқылып, шынайы сырлы сезімге толы әндері орындалды.
Кеш соңында Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Тыныбекұлы және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Шаматайқызы сөз сөйлеп, Абай Құнанбайұлының рухани мұрасының ұлт тәрбиесіндегі орны мен маңыздылығына тоқталды. Қос тараптың өкілдері Абай шығармаларының бүгінгі күндегі өзектілігін атап өтіп, оны тереңінен тану – әр азаматтың рухани кемелдену жолындағы маңызды қадамы екенін тілге тиек етті.